БҮГІН «ДОСТЫҚ 13» СЕРИАЛЫНЫҢ ПРЕМЬЕРАСЫ

Бүгін, яғни 23 ақпаннан бастап «Хабар» телеарнасында студенттік өмірді арқау еткен «Достық 13» телесериалы көрермен назарына жол тартпақ. 20 бөлімнен тұратын туынды эфирден аптаның дүйсенбі–бейсенбі күндері сағат 22:00-де көрсетіледі.

«Достық 13» телесериалының атауы терең мағынаға ие. Ғасырлық тарихы бар, ұлт руханиятының алтын бесігі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Алматы қаласындағы Достық даңғылы, 13 мекенжайында орналасқан. Бұл – талай буынның арманын асқақтатып, үлкен өмірге қанат қақтырған қасиетті білім ордасының нақты мекенжайы ғана емес, жастық шақтың символына айналған қара шаңырақ.

Телехикая арман қуып, алып шаһарға келген жастардың тағдырын бейнелейді. Сериал желісінде университет қабырғасындағы алғашқы қадам, жаңа орта, жаңа достар, толқыныс пен үміт, сенім мен ізденіс шынайы көрсетілген. Студенттік кезең – адамның тұлға болып қалыптасар, жүрек қалауын танып, өмірлік жолын айқындайтын шақ. «Достық 13» сол кезеңнің боямасыз болмысын, нәзік сезімдері мен асқақ армандарын көгілдір экран арқылы жеткізеді.

Түсірілім жұмыстары университет аумағында өткен жылы жүргізілген болатын. Басты рөлдерді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер Бақытжан Әлпейісов, жастар аудиториясына кеңінен танымал Жасұлан Көпберген және кішкентайынан камера алдында шыңдалған Мерей Мақажан сомдайды. Актерлік құрамның кәсіби шеберлігі мен жас буынның энергиясы сериалға шынайылық пен серпін береді.

Сонымен қатар, көрермен Алматының мәдени һәм тарихи келбетін тамашалап, қаланың көркем табиғаты мен тынысын сезіне алады. Келер күн көкжиегіне қол созған жастардың арманымен астасқан әсем шаһар көріністері туындыға ерекше романтикалық реңк береді.

«Достық 13» – бұл жай ғана студенттік өмір туралы сериал емес. Бұл – үлкен өмірге қадам басқан жас жүректердің достыққа адалдығы, махаббатқа сенімі және биік мақсаттарға ұмтылысы туралы сырлы хикая. Университет қабырғасындағы әр аудитория, әрбір дәріс, әрбір сәт – болашаққа бастар үміттің куәсі. Туынды көрерменді жастықтың шуақты кезеңіне жетелеп, студенттік шақтың қайталанбас сәттерін бірге сезінуге шақырады. 

 «Abai University» медиа орталығы