ФРАНЦИЯ УНИВЕРСИТЕТІМЕН БІРЛЕСКЕН ҚОС ДИПЛОМДАР ТАБЫСТАЛДЫ

Абай университеті мен Францияның Пуатье университеті арасындағы «Экономика» қосдипломды оқу бағдарламасы негізінде білім алған бітіруші түлектерге салтанатты түрде диплом табыстау рәсімі өтті. Салтанатты шараға Францияның Алматыдағы Бас консулы Максим Жеренже, Пуатье университетінің профессоры Филипп Рожон, университет басшылығы мен студенттер қатысты.

Пуатье университетімен бірлескен білім беру бағдарламасын жүзеге асыру – оқу орнымыздың халықаралық академиялық ынтымақтастыққа ашықтығын айқын көрсетеді. Салтанатты рәсімді ашқан Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Бану Нарбекова өз құттықтау сөзінде Абай университетінің шетелдік оқу орындарымен серіктестікке ерекше көңіл бөлетінін айтты.

Франция Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Максим Жеренже білім беру саласындағы әріптестіктің Қазақстан мен Франция арасындағы ұзақ мерзімді гуманитарлық әрі ғылыми ынтымақтастықтың берік негізі екеніне тоқталды. Ал ҚР-дағы Франция Елшілігінің қосдипломды білім беру бағдарламалары бойынша үйлестірушісі Аньес Буссе түлектерді құттықтап, аталған бағдарлама бойынша кездесетін қиындықтарды еңсеру туралы ақыл-кеңесін жеткізді. Пуатье университетінің профессоры Филипп Рожон халықаралық серіктестік үшін алғыс айтып, түлектерге салтанатты түрде дипломдарын табыс етті.

– Бұл диплом маған болашақта кәсіби жолымды қалыптастыруға көмектеседі. Франция экономикасының жоғары деңгейде дамығанын ескерсек, бұл саланы француз тілінде меңгеру маған үлкен тәжірибе сыйлады деп үміттенем. Екіжақты диплом алу кез келгенге бұйыра бермейді. Сондықтан, мен үшін өте құнды жетістік, – деді «Экономика» мамандығының түлегі Дильназ Ибрагимова.

Айта кетейік, Пуатье университеті – Абай атындағы ҚазҰПУ-дың стратегиялық серіктесі. Бірлескен ынтымақтастық қос дипломды бағдарламаларды, студенттер мен оқытушылардың академиялық алмасуы, білім беру бастамаларын және біліктілікті арттыру бағдарламаларын жүзеге асыруды қамтиды. Көпжылдық серіктестік жоғары білім беру саласында ортақ жобаларды дамытуға ықпал етіп келеді.

 

«Abai University» медиа орталығы