ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК АШЫҚ ЕСІК КҮНДЕРІ ӨТУДЕ

Абай университетінде «Бір күн – бір факультет» жобасы аясында «MethodFest» оқу-әдістемелік ашық есік күндері жалғасып жатыр. Фестиваль студенттер мен оқытушылар үшін заманауи оқыту әдістерін, инновациялық тәжірибелерді таныстыруға, тәжірибе алмасуға және кәсіби дағдыларын дамытуға арналған.

Ашық есік күндерінде факультеттің ғылыми-инновациялық жетістіктері арнайы көрмеге қойылып, білім алушылардың зертханалық сабақтағы шеберліктері көрсетілді. Мәселен, физика мамандығының студенттері GlobiLab датчиктері мен классикалық камератондары арқылы дыбыс толқындарын тіркеп, олардың графикалық көрінісіне талдау жасады. Эксперимент барысында толқынның биіктігі мен жиілігін Universe Sandbox виртуалды зертханасы арқылы күрделі гравитациялық үдерістерді модельдеу мүмкіндігін дәлелдеді. Натурлық және виртуалды эксперименттерді қатар қолданудың тиімділігіне көз жеткізді.

Математика және информатика пәні бойынша студенттер жасанды интеллект құралдарына негізделген инновациялық жобаларды таныстырды. «Жасанды интеллект негіздері» пәні шеңберінде магистр-оқытушы Раушан Амангелдіқызы үлкен тілдік модельдер (LLM), генеративті құралдар мен табиғи тілді өңдеу (NLP) әдістерін қолданудың нақты жолдарын көрсетті. Білім алушылар компьютерлік код жазып, модельдер айырмашылығын түсініп, нәтижеге қол жеткізді. Мұнда студенттердің тәжірибелік дағдыларды меңгеруі және ақпаратты қабылдап қана қоймай, оны нақты жобаларға қолдану бейімділігі байқалды.

Ал филология факультетіндегі оқу-әдістемелік ашық есік күні рухани және мәдени кеңістікті терең зерттеуге бағытталған жаңашылдықтарымен ерекшеленді. Әдебиеттанушы жас ғалымдар Динара Орынбаева мен Нұрсәуле Қылышбекова студенттердің шығармашылық және зерттеу қабілеттерін дамытуға арналған цифрлық және интерактивті әдістерді таныстырды. Әдеби мәтінді талдауда визуалды және цифрлық құралдарды тиімді қолданып, білім беру деңгейін көтеретін тәсіл ретінде ұсынды. Заманауи платформалар, авторлық ресурстар, геймификация элементтері және интеграцияланған оқу моделі студенттердің шығармашылық көзқарасын кеңейтіп, оқу сапасын арттыруға ықпал етті.

«MethodFest» оқу-әдістемелік ашық есік күндері университеттің білім беру жүйесін теориялық және ғылыми-тәжірибелік тұрғыдан дамытуды мақсат етеді. Онда әрбір факультеттің оқыту жүйесіндегі жаңашылдықтары мен тың жобалары сараланып, академиялық деңгейі мен заманауи құндылықтары ескеріледі.

 

 «Abai University» медиа орталығы