19.02.2026
ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ КОАЛИЦИЯ МҮШЕЛЕРІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Бүгін «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!»
Алматы қалалық жалпыұлттық коалициясының мүшелері Абай университетінің ұжымымен
кездесу өткізді. Жиын барысында алдағы жалпыхалықтық референдумның мазмұны мен
маңызы түсіндіріліп, жаңа Конституция жобасына енгізілген негізгі өзгерістер
мен толықтырулар айтылды.
Кездесуге ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және
қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан, Алматы қалалық мәслихатының
төрағасы, қалалық коалиция төрағасы Мейіржан Отыншиев, «Жастар Рухы» ЖҚ Алматы
қалалық филиалының төрағасы Дидарбек Ділдәбек, «Amanat» партиясы Медеу аудандық
филиалының төрағасы Ержан Медеуов, сондай-ақ университеттің Академиялық қызмет
жөніндегі проректор Бану Нарбекова мен Аппарат басшысы, коалиция мүшесі
Жанатбек Ішпекбаев бастаған оқытушы-профессорлар құрамы қатысты.
Жиында сөз бастаған Ержан Медеуов референдумның ел болашағы үшін айрықша
маңызды екенін, бұл шешім Қазақстанның алдағы даму бағытын айқындайтын тарихи
қадам боларын алға тартты. Сондай-ақ ол университет ұжымын қоғамдық-саяси
үдерістерге бейжай қарамай, өз ұстанымдарын саналы түрде білдіруге шақырды.
Мәжіліс депутаты Айгүл Сейфоллақызы Конституцияны ел дамуының басты манифесі
ретінде бағалап, оның преамбуласына ерекше тоқталды. Ата Заңның кіріспе бөлімін
Тәуке ханның «Жеті жарғысымен» сабақтастыра отырып, Ұлы даланың мыңжылдық
рухани мұрасы мен тарихи жалғастығы көрініс тапқанын айтты.
Қалалық коалиция төрағасы Мейіржан Отыншиев Конституцияны жаңарту
үдерісінің қалай жүзеге асқанын баяндап, құжаттың тікелей қазақ тілінде
әзірленгенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, жаңартылған Конституцияда білім
мен ғылымды дамыту, инновацияны қолдау және адам құқықтарын цифрлық кеңістікте
қорғау мәселелері қамтылған. Коалиция төрағасы жиналған қауымды мемлекеттік құжатпен
мұқият танысып, өз ұстанымдарын саналы түрде білдіруге шақырды.
Абай университетінің докторанты, Алматы қалалық «Жастар рухы» ұйымының
төрағасы Дидарбек Ділдәбек Қазақстанның даму бағыты білім мен ғылымға
негізделуі тиіс екенін айтып, шикізаттық модельден зияткерлік экономикаға көшу
қажеттігін жеткізді.
– Дүниежүзі білім мен ғылым арқылы дамып жатқан кезеңде Қазақстан да осы
бағытта ілгерілеуі керек. Дамыған мемлекеттердің қатарына қосылу – ортақ
мақсатымыз. Жаңа Конституция осы жолға негіз болады. Сондықтан осыған қатысты
өз көзқарастарыңызды қалыптастырып, сауатты түрде азаматтық позицияларыңызды
білдіріңіздер», – деп референдумға белсенді қатысуға шақырды.
Айта кетейік, «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық
Конституциясы үшін!» қалалық коалициясының құрамында 200-ге жуық өкіл бар. Олар
қала аудандарында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Басты мақсат
– ашық қоғамдық диалог орнатып, әр азаматтың ел болашағын айқындауға саналы
түрде қатысуына мүмкіндік жасау.
«Abai University» медиа орталығы