ШӘРӘПИ ӘЛЖАНОВ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ

Қазақ педагогика ғылымының көрнекті өкілі, бүгінгі Абай университетінің қалыптасу тарихында елеулі орны бар тұлға, «Қызыл террор» уақытында нақақтан-нақақ «халық жауы» деген жаламен атылған репрессия құрбаны, профессор Ш.Әлжановтың туғанына 125 жыл толуына орай «Профессор Шәрәпи Әлжанов және ҚазҰПУ» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференция жұмысына университет басшылығы, мемлекеттік мекемелердің өкілдері, архив және кітапхана саласының мамандары, әр өңірден келген ғалымдар мен зерттеушілер қатысты.

Алаштың аяулы перзентін еске алу шарасы ең алдымен Жаңалық ауылында басталды. Ақмола, Алматы облысы әкімдіктерінің және Абай университетінің қолдауымен Саяси қуғын-сүргін құрбандары ескерткішінің жанынан Шәрапи Әлжановтың 125 жылдығына арналған мемориалдық құлпытас орнатылды. Ғалымның рухына құран бағышталды.

Тағылымды іс-шара содан кейін Абай университеті қабырғасында ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасып, ғалымның ағартушылық мұрасын, ұлттық педагогика ғылымының қалыптасуындағы рөлін жан-жақты талқылауға арналды. Жиынды ашқан Әлеуметтік даму жөніндегі проректор Мақсат Жақау «Бұл конференция – ұлттық ғылымның дамуына, жас зерттеушілердің ғылыми ізденістеріне жаңа серпін беретін маңызды қадам» деген бағасын берді. Пленарлық отырыста ұлттық педагогика саласының көрнекті өкілінің ғылыми-педагогикалық мұрасы, қазақ білім беру жүйесінің қалыптасуындағы орны мен ұлттық мектептің дамуына қосқан үлесі жан-жақты ашылды.

Біржан сал ауданының құрметті азаматы, «Шәрапидің ізімен» жобасының авторы Мұрат Ыдырысұлы ғалымның туған жеріне байланысты деректерге тоқталса, педагогика ғылымдарының докторы Рымшаш Кәмешқызы «Шәрапи Әлжанов және Абай атындағы ҚазПИ мен педагогика кафедрасының институционалдық қалыптасуы» тақырыбында баяндама жасады. ҚР Орталық мемлекеттік архиві директорының орынбасары Марзия Ғаниқызы архив құжаттары негізінде тарихи деректермен таныстырса, ҚР Ұлттық кітапхана директоры Ғазиза Құдайбергенқызы ұлттық мұраны сақтау мен зерттеудің маңызы жөнінде сөйледі.

PhD докторант Ертай Біләл «Қайраткер Шәрапи Әлжан және қазақ ағартушылығы» тақырыбында баяндама жасап, ғалымның ағартушылық қызметін саралады. Ал тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Дәулет Әбенов Алаш перзентінің өмірі мен қызметіне қатысты тың архив деректеріне үңілді. Өзге де баяндамашылар ғалымның ғылыми мұрасын жан-жақты саралап, оның ұлттық педагогика ғылымының дамуына қосқан өлшеусіз үлесін, ағартушылық бағыттағы табанды қызметін және қоғамдағы азаматтық ұстанымын кеңінен сөз етті.

Ғылыми басқосу соңында Ақмола облысы әкімдігі тарапынан Абай университеті басшылығы мен қызметкерлеріне арнайы марапат тапсырылып, репрессия құрбаны, ұлттық педагогика ғылымының көрнекті өкілінің рухына арналған ас берілді.

 

«Abai University» медиа орталығы