18.02.2026
МЕДИАПЛЮРАЛИЗМ: ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ЖИ ҒЫЛЫМЫ ҚЫСҚЫ МЕКТЕБІ БАСТАЛДЫ
Бүгін Алматыда «Медиаплюрализм: Орталық Азиядағы ЖИ ғылымы» 13-ші халықаралық журналистика және коммуникация қысқы мектебі басталды. Қысқы мектептің ашылу салтанатына Қазақстан, Қытай, Йемен, Ауғанстан, Бангладеш, Қырғызстан, Өзбекстан және Қарақалпақстан елінен студенттер мен зерттеуші ғалымдар қатысты. Жасанды интеллект дәуіріндегі коммуникация этикасы мен философиясы, медиапедагогика модульдары оқытылатын қысқы мектеп жұмысы 28 ақпанға дейін жалғасады.
Дәстүрлі түрде
өтіп келе жатқан қысқы мектептің биылғы 13-ші сессиясы ЮНЕСКО жариялаған
Дүниежүзілік радио күніне арналды. Жиын барысында цифрлық радиотехнологияларды
қолдануда халықаралық білім мен тәжірибелік дағдыларды алмасу көзделген.
Алматыдағы Біріккен ұлттар ұйымы ғимаратында ашылған Қысқы мектепті Абай
атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ұйымдастырып отыр. Сонымен
қатар, оған БҰҰ Жаһандық
коммуникациялар департаментінің Қазақстан Республикасындағы өкілдігі –
Қазақстан Республикасындағы БҰҰ Ақпараттық бюросы, ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы,
Орталық Азия-Қытай
журналистикасын зерттеу қауымдастығы қолдау көрсетуде. Халықаралық беделді іс-шараны модератор ретінде саяси
ғылымдардың докторы, Абай университетінің профессор-зерттеушісі Гүлмира Сұлтанбаева
жүргізді.
Іс-шараны ресми
ашқан Абай университетінің Зерттеу қызметі және инновация жөніндегі проректоры Ертай Сұлтан қазіргі ақпарат кеңістігінің жасанды интеллект
дәуіріндегі ғылым мен технологияның үдерісіне тоқталып, сын-қатерлер мен мүмкіндіктерін
тілге тиек етті. Сондай-ақ, бұл университеттің аталған бағытты ғылыми әлеуетін
арттыруға, халықаралық серіктестікті дамытуға үлкен септігін тигізетінін
айтты.
– Абай
атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті үшін бұл қысқы мектеп – ғылыми
зерттеулер мен инновациялық ізденістерді қолдайтын, халықаралық серіктестікті
нығайтатын, зерттеуші жастардың әлеуетін арттыратын маңызды платформа. Біз үшін
ең құндысы – бүгінгі талқылаулардың нәтижесі ертеңгі кәсіби ортаға, ертеңгі
қоғамға нақты ықпал етуі. Алдағы күндері өтетін дәрістер мен пікірталастар,
шеберлік сабақтары сіздерге жаңа білім, тың идея және кәсіби серпін береді деп
сенемін, – деді
проректор.
Одан кейін сөз
сөйлеген ҚР Президенті жанындағы ҰҒА Білім және әлеуметтік даму орталығының басшысы
Жeңісбек Төлен, Қазақстандағы БҰҰ
Ақпараттық бюросы Басшысы – Қазақстандағы БҰҰ жаһандық коммуникация
департаментінің өкілі Властимил Самек, т.б. беделді медиа сарапшылар мен
ғалымдар халықаралық қысқы мектептің рөлі мен маңызына, сондай-ақ медиа
саласындағы жасанды интеллектіні қолданудың қыры мен сырына жан-жақты
тоқталды.
Іс-шара аясында
ҚазҰПУ профессоры Гүлмира Сұлтанбаеваның ғылыми жетекшілігімен және де басқа да
ғалымдардың авторлығымен жарық көрген алты кітаптың таныстырылымы өтті. Бұл
басылымдар қазірдің өзінде сарапшылар тарапынан жоғары бағаға ие болып отыр.
Медиа мамандардың
қысқы мектептегі түрлі шеберлік сабақтары мен тренингтері, сыни талдау мен
пікірталас алаңы 10 күнге созылады. Қатысушылар онлайн және офлайн форматта
қатысып, модульдер бойынша білім-білігін жетілдіреді. Әлеуметтік-гуманитарлық
ғылымдар, журналистика және коммуникация бағытында тың идеялар айтылып,
сын-қатерлермен күресу жолы қарастырылады. Цифрлық радиотехнологияларды қолдануда жаңа білім
мен тәжірибелік дағдыларды алу, БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын көрсету және
танымал етуде жаңа технологияларды қолдану әдістері мен құралдарын зерделеу,
Интернет және цифрлық сауаттылық мәселелері бойынша жаңа дағдылар мен
құзыреттерді меңгеру секілді т.б. тың тақырыптарда дәрістер оқылады.
«Abai University» медиа орталығы