АКТЕР АЗАМАТ САТЫБАЛДЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Бүгін Абай университетінде кино және театр актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалдымен «Тұлға. Тәрбие. Тағылым» атты кездесу өтті. Іс-шараға Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы Қоғамдық даму орталығы басшысының орынбасары Әл-Фараби Нұрбекұлы, университеттің Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Мақсат Жақауов пен белсенді студенттер қатысты.

«Адал азамат» жобасы аясында өткен кездесуде Азамат Сатыбалды жастармен еркін форматта сұхбат құрып, шығармашылық жолы, өмірлік тәжірибесі мен ұстанымдары туралы кеңінен әңгімеледі. Ол театр өнерінің қоғам өміріндегі айрықша орнына тоқталып, сахна – адам болмысы мен қоғам шындығын көрсететін рухани кеңістік екенін алға тартты. Кездесу барысында актерлік өнерге қатысты ой-пайымын жеткізді.

–                    Мен актерлікті бес деңгейге бөліп қарастырамын: кәсіби шеберлік, қайраткерлік, тұлғалық, қаһармандық, пайғамбарлық. Актер тұлғалық деңгейге дейін ғана көтеріле алады. Қайраткерлік – танымалдылықтың арқасында келеді. Ал тұлғалық тарихта қалады. Тұлғалық деңгей – жеке өміріңді, тағдырыңды талауға беру. Өнер адамы ең алдымен шынайылықпен өлшенеді, – деді актер.

Кездесу барысында студенттер өнер жолындағы қиындық, табандылық, сахна мәдениеті мен шығармашылық еркіндік жайында сұрақтар қойды. Актер әр сұраққа өмірлік тәжірибесіне сүйене отырып, шынайы әрі мазмұнды жауап берді. Ол жастарды үздіксіз ізденіске, өзін-өзі дамытуға және рухани құндылықтарды биік қоюға шақырды.

Іс-шара соңында университеттің Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Мақсат Жақауов сөз сөйлеп, өнер қайраткері Азамат Сатыбалдыға алғысын білдірді. Тағылымды кездесу жастарға рухани серпін бергенін атап өтті.

 «Abai University» медиа орталығы