18.02.2026
ҚОСДИПЛОМДЫ БІЛІМ БЕРУ – АКАДЕМИЯЛЫҚ ҰТҚЫР ШЕШІМ
18 ақпанда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде
«Қосдипломды білім беру бағдарламаларын әзірлеу» тақырыбында арнайы воркшоп
ұйымдастырылды. Онда қосдипломды бағдарламаларды іске асырудың академиялық және
нормативтік-құқықтық негіздерін жүйелеу, университеттің қазіргі тәжірибесін
талдау әрі осы бағыттағы құжаттаманы жетілдіруге бағытталған нақты ұсыныстар
әзірлеу мәселелері қаралды.
Қосдипломды білім беру
бағдарламасы – екі жоғары оқу орнының бірлескен оқу жоспары негізінде жүзеге
асатын халықаралық форматтағы білім беру. Нәтижесінде студент бір мезгілде екі
университеттің дипломын алады. Яғни, мұндай бағдарламалар академиялық
ұтқырлықты арттырып, түлектердің халықаралық еңбек нарығындағы бәсекеге
қабілеттілігін едәуір күшейтеді. Осы бағыт бойынша Абай университеті
халықаралық ынтымақтастықты дамыту және білім беру сапасын әлемдік деңгейге
көтеру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
Воркшоп барысында
қатысушылар қосдипломды бағдарламалардың тұжырымдамалық негіздері, қолданылатын
модельдері мен терминологиясын талқыланды. Қазақстандағы осы бағыттағы
нормативтік-құқықтық және институционалдық шеңбер, серіктес университеттерді
таңдау өлшемдері, оқу жоспарларын үйлестіру, кредиттерді өзара сәйкестендіру,
академиялық ұтқырлықты қамтамасыз ету сияқты маңызды мәселелер жан-жақты
қарастырылды.
Жиынды университеттің
Білім беру бағдарламаларын талдау департаментінің директоры Нұржамал Ошанова
ашты. Ол Абай университетінде қазіргі уақытта 24 қосдипломды білім беру
бағдарламасы жүзеге асып жатқанын, ал 2026 жылы олардың санын 55-ке дейін
жеткізу жоспарланғанын жеткізді.
Іс-шара аясында
қатысушылар топтарға бөлініп, «Мен және менің кафедрам» форматында өздерін
таныстырды. Әр маман өз кәсіби әлеуетін, кафедраның басым ғылыми-педагогикалық
бағыттарын және қосдипломды бағдарламаларды дамытудағы мүмкіндіктерін ортаға
салды. Жаңа бағдарламаларды іске қосуға дайындық, бірегей әрі нарықта сұранысқа
ие бағдарламаларды әзірлеу тәжірибесі, шетелдік серіктестермен тиімді келіссөз
жүргізу қабілеті ең маңызды басымдықтар ретінде сүзгіден өтті.
Сонымен қатар,
кафедралардың практикалық даярлығы, білікті оқытушылар құрамы, өңірлік
сараптамалық тәжірибе мен орныққан халықаралық байланыстар қосдипломды
жобалардың табысты іске асуына негіз болатынын көрсетті. Қатысушылар цифрлық
шешімдерді енгізу, онлайн-оқыту мүмкіндіктерін кеңейту, заманауи инфрақұрылым
мен әдістемелік мектептің әлеуетін пайдалану мәселелеріне де ерекше назар
аударды.
Воркшоп қорытындысында
қосдипломды білім беру бағдарламаларын дамытудың негізгі бағыттары айқындалып,
тиісті Ережені жетілдіруге қатысты нақты ұсыныстар жинақталды. Іс-шараны
қорытындылаған Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Бану Нарбекова воркшоптың
жемісті болғанын айтып, қатысушыларды арнайы сертификатпен марапаттады.
«Abai University» медиа орталығы