18.02.2026
«METHODFEST» ТАРИХ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚ ФАКУЛЬТЕТІНДЕ ЖАЛҒАСТЫ
Бүгін «Methodfest»
оқу-әдістемелік ашық есік күні Тарих және құқық факультетінде жалғасын тапты. «Бір
күн – бір факультет» жобасы бойынша факультеттің оқыту мазмұны мен әдіснамасы, цифрлық
технологиялық жаңашылдықтары көрме арқылы насихат жұмыстарынан басталды.
Тарих пен құқық – тұтас қоғамның өткені
мен бүгінін зерделейтін іргелі бағыт. Факультет ұжымы фестиваль барысында екі
арнаның заманауи білім беру кеңістігіндегі орнын жаңаша пайымдады. Білім беруде
пән мазмұнын жаңартып қана қоймай, оқушылардың қабылдау тәсіліне оңтайландыруды
көздейді. Қазіргі цифрлық технологиялар,
жасанды интеллект, геймификация, интеграцияланған білім беру моделі арқылы тарихи
ойлау дағдыларын тереңдетуді көздейді.
Фестивалдің ашылуында жас
зерттеуші Айдана Идрисова тарих сабақтарында VR/AR технологияларын қолдану
тәжірибесін ұсынды. Ол тарихи кеңістікті визуализациялау арқылы оқушының пәнге
деген қызығушылығын арттыруға болатынын атап өтті.
– Көбіне тарих жалпылама баяндалады,
ал оқушы тыңдаумен шектеледі. Тек тыңдап қана емес, жаңа технологиямен сол
дәуірді сезіну арқылы деректерді қабылдау
балаға өте жақсы әсер қалдырады. Тарих сабағына деген қызығушылығы арта түседі,
– дейді жас зерттеуші.
Ол оқушы виртуалды кеңістікте
ежелгі қала көшелерінде серуендесе, тарихтың тек дерекке қана емес, шынайы оқиғаға
негізделгенін түсінеді, тарихи хронология мен оқиғаны жаттағаннан гөрі, өз
көзімен көргендей болса шәкірт бұл сабақты ешқашан ұмытпайды деген ойды алға
тартты.
Шынында да, жаңа әдістеменің
түпкі мақсаты – ақпарат көлемін арттыру емес, қабылдау сапасын өзгерту. Фестиваль
барысында жасанды интеллект арқылы тарихи дереккөздерді талдау тәсілдері, сабақ
құрылымына геймификация элементтерін енгізу жолдары, Lesson Study негізіндегі
рефлексивті зерттеу тәжірибесі ұсынылды. Мұндай формат педагогтың
ізденімпаздығын арттырып, кәсібилігін шыңдауды талап етеді.
Фестиваль аясында факультеттің
басқа да қабілеттіліктері ашылып көрсетілді. Айталық, құқықтық білім беру
бағытында интерактивті практикумдар мен ситуациялық кейстердің де үлес салмағы
басым. Шарттық қатынастардан электронды сот төрелігіне дейінгі үдерістер нақты
сценарийлер арқылы зерделеніп, құқықтық ойлау логикасы кезең-кезеңімен
тарқатылды. Мектеп оқушысының құқықтық сауаттылығын қалыптастыруға арналған кейс
адамға шешім қабылдаудың тетігі десек артық емес. Өйткені күнделікті кездесетін
ситуациялар кезінде адам әрекеті қандай заңнамалық жауапкершілік жүктейтінін
көрсетеді.
Оқыту ісіне жасанды интеллект құралдарын
кіріктіру, авторлық цифрлық ресурстарды пайдалану, digital-криминалистика
элементтерін оқу үдерісіне енгізу – факультет бағдарындағы жүйелі
трансформацияның бірі. Визуалды деректерге сүйенген тарихи контент классикалық
мазмұнмен қайшылыққа түспейді, керісінше, оны заманауи пішінге икемдейді. Сол
арқылы қабылдау аясын кеңейтіп, заманауи формада ұсынады. Өйткені құқық тек қағида
мәтіні емес, әділеттің өлшемі.
«Methodfest» оқу-әдістемелік ашық
есік күні Тарих және құқық факультетінің болмысын айқындады. Факультет тек маман
даярлауды ақпарат берумен шектемейді, ойлайтын, дәлелдей алатын, қоғам алдында
жауапкершілікті сезінетін кәсіби тұлға қалыптастыруды мақсат етеді.
«Abai University» медиа орталығы