АЛМАТЫДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖУРНАЛИСТИКА БОЙЫНША ҚЫСҚЫ МЕКТЕП ӨТІП ЖАТЫР

АЛМАТЫДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖУРНАЛИСТИКА БОЙЫНША ҚЫСҚЫ МЕКТЕП ӨТІП ЖАТЫР
Бүгін Алматы қаласында Халықаралық журналистика және коммуникация бойынша қысқы мектеп кезекті бағдарламасын бастады. Аталған жобаның биылғы 13-ші реткі жиыны ЮНЕСКО жариялаған Дүниежүзілік радио күніне арналған, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.

Халықаралық журналистика және коммуникация бойынша қысқы мектептің кезекті конференциясы «Медиаплюрализм: Орталық Азиядағы ЖИ ғылымы» деген салмақты тақырыпты көтерген. Журналистикадағы жаңа тенденциялар мен трансформацияларды талдап, әр елдегі тәжірибелерді ортаға салатын жиынға отандық және алыс-жуық шетелдің медиа мамандары қатысуда.

Халықаралық іс-шараны БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің Қазақстан Республикасындағы өкілдігі – Қазақстан Республикасындағы БҰҰ Ақпараттық бюросы және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы, сондай-ақ, Орталық Азия-Қытай журналистикасын зерттеу қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырған.

Қысқы мектеп журналистика саласындағы барлық талапкерлерге бағытталған. Цифрлық радиотехнологияларды қолдануда жаңа білім мен тәжірибелік дағдыларды алмасуды басты мақсат етеді. Сондай-ақ, БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын көрсету және танымал етуде жаңа технологияларды қолдану әдістері мен құралдарын зерделеуді көздейді.

21 ақпанға дейін жалғасатын іс-шараға еліміздің әр өңірінен және Орталық Азиядағы көршілес елдерден, сонымен қатар Қытай, Ауғанстан, Бангладеш сынды алыс-жуық шетелдерден де студенттер, магистранттар мен доктаранттар қатысуда.

Дереккөз: aqshamnews.kz 

Артқа қайту