МЕЙІРІМДІЛІК ДЕКАДАСЫ БАСТАЛДЫ

Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Біріккен ұлттар ұйымының 2026 жылды «Халықаралық еріктілер жылы» деп жариялаған болатын. Осыған орай Абай университетінде «Мейірім энергиясы – мәңгілік тренд!» ұранын ту еткен мейірімділік онкүндігі басталды. Еріктілік пен қайырымдылық құндылықтарын дәріптеуге бағытталған игі іс-шаралар он күн бойы жалғасады.


Бүгін декаданың ашылуы «Мейірім жәрмеңкесінен» басталды. Жәрмеңке алаңында студенттер тәтті тағамдар мен сусындарды, ал кітапсүйер жастар оқып шыққан кітаптарын сатылымға шығарды. Одан түскен қаражат «Мейірімді баспана» акциясы бойынша Алматы қаласындағы жануарлар панажайына көмек көрсетуге, құстарға арналған жемсалғыштар жасауға табысталады.


Алдағы онкүндікте бұдан бөлек өзге де маңызды әлеуметтік жобалар жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, балалар үйінде «Бенефис: бүгін менің туған күнім!» қайырымдылық шарасы, «Paperlife: қағазға өмір сыйла!» экологиялық акциясы, «Құстарды аялайық!» республикалық жобасы және «Мейірімді себет» ардагерлерге құрмет іс-шарасы ұйымдастырылады.


– Жақсы мінезді, мейірімділікті және еріктілікті насихаттайтын іс-шараға белсенді қатысу – студенттерді болашақта жақсы маман, жақсы педагог болуға жетелері сөзсіз. Осындай игі бастамалар үшін барлығыңызға алғыс айтамын! – деді декаданың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Педагогика және психология факультетінің деканы м.а. Гүлмира Ниетбаева.


Айта кетейік, онкүндік қайырымдылық іс-шарасы «Мейірім» еріктілер ұйымының бастамасымен жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі таңда ұйым құрамында 100-ден астам студент бар. Олар қоғамға көмектесу арқылы ой, сөз және іс үштігінде жұмылуды мақсат етеді. Аталған ұйым әлеуметтік маңызды жобаларды атқару арқылы студенттік еріктілікті қалыптастырып, игі іс-шараларға бастамашыл болып отыр.


Мейірімділік онкүндігінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында бірнеше іс-шаралар өтеді. Бұл – жастарды табиғатты қорғауға, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға және қоғамға пайдалы болуға үндейтін маңызды бастама.


«Abai University» медиа орталығы