БАСТЫ ТАЛАП – ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУ САПАСЫН АРТТЫРУ

Бүгін Абай университетінде Басқарма Төрағасы-Ректор Болат Тілеп бірінші курс PhD докторанттарымен кездесті. Ғылыми кадр дайындау, зерттеу жұмысының сапасын көтеру, халықаралық жарияланым белсенділігін арттыру т.б. мәселелер айтылған жиында Зерттеу қызметі және инновация жөніндегі проректор Ертай Сұлтан докторанттарға жүктелген міндеттерді түсіндіріп берді.

Университеттің ғылыми әлеуетін күшейту, докторанттардың зерттеу жұмысына қатысты түйткілдерді нақтылау және жүйелі шешімдер қабылдау –  бүгінгі күннің басты талабы. Докторантураның бірінші курс студенттерімен өткен кездесу ашық талқылау форматында ұйымдастырылып, ғылыми қызметтегі жауапкершілік пен талаптар сөз болды.

– Тарихы тереңде жатқан Абай университетін кездейсоқ таңдаған жоқсыздар. Біз үшін академиялық адалдық, зерттеу жұмысындағы жауапкершілік, сенім үдесінен шығу – басты құндылық. Өйткені алдымызға зерттеу университетіне айналу мақсатын қойып отырмыз. Сондықтан ғылыми жұмыстағы аргумент тың әрі өте маңызды болуы керек, – деді университет ректоры.

Зерттеу қызметі және инновация жөніндегі проректор Ертай Сұлтан диссертациялық зерттеу тақырыптарына, ғылыми нәтижелердің жарияланымдық көрсеткіштеріне тоқталып, докторанттарға министрлік пен университет тарапынан қойылатын құқықтық талаптарды жіліктеп берді. Индекстелген халықаралық және отандық басылымдарға мақала шығару тетіктерін түсіндірді.

– «Taylor & Francis» баспасының Q1 санатындағы журналына шолу мақалам қабылданды. Ғылыми жетекшім де зерттеу үдерісінде тұрақты қолдау көрсетуде. Шетелдік ғылыми жетекшім де Абай университетіндегі ғылыми зерттеулердің деңгейін жоғары бағалайды. Мен өз үйренгенімді осындағы әріптестеріммен бөліскім келеді. Бізге қазір докторанттар арасында интеграциялық зерттеулер жүргізіліп, тәжірибе алмасу өте қажет, – дейді «Жаратылыстану пәндері бойынша педагогтарды даярлау» білім беру бағдарламасының 1 курс докторанты Айдана Сәрсенбекқызы.

Ол барлық докторанттарды сала-сала бойынша бөлінбей, бір-бірімен ықпалдаса жұмыс істеуге шақырды. Сырттың қаңсығын тергенше, шет елге таңсық болатын өз еліміздің жаңалықтарын ұсыну – университет докторанттарының халықаралық ғылыми кеңістікке енуіне бірден-бір оңай жол екенін айтты.

Ғылымның жолы – «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүретін жол емес. Оған тәуекел еткен жандар ғана барады. Бүгінгі жүздесу болашақ ғылым докторларына осыны сездіргендей болды.

«Abai University» медиа орталығы