16.02.2026
«METHODFEST» АШЫҚ ЕСІК КҮНІ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
Бүгін Абай университетінің Жаратылыстану және география факультетінде
«MethodFest» оқу-әдістемелік ашық есік күні өтті. Іс-шара факультеттің білім
беру саласындағы жетістіктерін таныстыруға, заманауи оқыту әдістері мен
инновациялық тәжірибелерді кеңінен насихаттауға арналды.
Фестиваль жұмысына
университет Басқарма Төрағасы-Ректоры Болат
Тілеп, Академиялық
мәселелер жөніндегі проректор Бану Нарбекова, басқарма мүшелері-проректорлар,
факультет декандары, кафедра меңгерушілері, академиялық департамент пен
оқу-әдістемелік бөлім өкілдері, оқытушылар-профессорлар
құрамы қатысты.
Іс-шара барысында
факультеттің әдістемелік өнімдері мен VR-технологиялар көрмесі ұйымдастырылып,
қатысушылар заманауи оқу құралдарымен, цифрлық платформалармен және
инновациялық ресурстармен танысты. Фестивальдің ашылу бөлімінде факультеттің
әдістемелік миссиясы мен негізгі жетістіктеріне шолу жасалып, «ЖОО үздік
оқытушысы 2025» байқауының жеңімпаздары салтанатты түрде марапатталды.
Сонымен қатар, факультетте
жаңадан ашылған 6 оқу-ғылыми зертханасының – екі электрохимия
бойынша, аналитикалық химия бойынша, нанохимия бойынша, химиялық
технология және эксперименталды биология бойынша зертханалардың тұсауы кесілді. Ашылған зертханалар
оқу үдерісін ұйымдастыру мен тәжірибелік жұмыстарды жүргізудің қазіргі заман
талаптарына сай жабдықталған.
– Бүгін біздің білім мен инновацияны қатар дамытатын тұңғыш жоғары оқу орнымыз – Абай университетінде маңызды әрі қуанышты күн. Студенттерді заманауи технологиялармен,
кәсіби дағдылармен және шығармашылық ойлаумен қамтамасыз ету бағытында
іргелі жұмыстар істеліп жатыр. Осы бағытта ұйымдастырылған Жаратылыстану және
география факультетінде ашылған жаңа зертханалар мен «MethodFest» фестивалі – білім беру сапасын
көрсететін, тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін маңызды алаң. Барлық
қатысушыларға алғысымды білдіремін. Сіздердің ынта-жігеріңіз –
университетіміздің жетістігінің кепілі, – деді Болат Анапияұлы.
Фестиваль аясында
инновациялық әдістерді қолдана отырып күні бойы
өткізілген ашық
сабақтар мен практикалық жұмыстар ерекше қызығушылық тудырды. «MethodHub
– үздік
тәжірибелер»
алаңында түрлі дәрістер, атап айтқанда – Адам анатомиясы,
Электрохимия, Өсімдіктер морфологиясы, Урбоэкология, Туризм техникасы т.б.
түрлі тақырыптар бойынша практикалық
сабақтар өтті. Мәселен, «Дрон деректерін
өңдеу практикумы: Agisoft Metashape ортофото, DEM ArcGIS-та карта және 3D өнім»
атты тәжірибелік сабағында дроннан алынған фотосуреттер мен
навигациялық деректерге қойылатын талаптар, өңдеуге дейінгі тексеру кезеңдері, «Agisoft»
бағдарламасында толық өңдеу тізбегін орындау жолдары кеңінен қарастырылды. Онда
аудиторияға дрон деректерін өңдеудің заманауи
тәсілдерін тәжірибелік тұрғыда көрсетілді.
Жалпы «MethodFest» оқу-әдістемелік ашық есік күні факультеттің кәсіби әлеуетін, инновациялық бағыттағы дамуын және заманауи білім беру кеңістігіндегі белсенділігін айқын көрсетіп, қатысушыларға тәжірибе алмасуға және жаңа әдістерді меңгеруге үлкен мүмкіндік береді. Алдағы уақытта «Бір күн – бір факультет» идеясын мақсат еткен оқу-әдістемелік фестиваль жұмысы университеттің басқа да факультеттерінде жалғасын таппақ.
«Abai University»
медиа орталығы