14.02.2026
Абай университетінің ғалымдары марапатталды
Бүгін Ғылым ордасында жоғары білім және ғылым саласындағы сыйлықтар мен мемлекеттік ғылыми стипендия лауреаттарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мұнда отандық ғылымның дамуына үлес қосып жүрген бірқатар ғалымдардың еңбегі жоғары бағаланды.Бұл жоғары білім саласындағы оқытушылар мен зерттеушілердің әлеуетін арттыруға, білім мен ғылымның қоғамдағы рөлін күшейтуге бағытталып отыр. Республикалық деңгейдегі марапат иелерінің қатарында Абай университетінің ғалымдары да бар.
Салтанатты басқосуға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, ЖОО мен ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, зиялы қауым өкілдері және жетекші ғалымдар мен оқытушы-профессорлар қатысты.
Жиынды ашқан Саясат Нұрбек мемлекет дамуындағы жоғары білім мен ғылымның рөліне тоқталып, алдағы жүктелген міндеттерді саралады. Сонымен қатар, «мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік» шыққан үздік ғалымдарды құттықтап, зор табыс тіледі.
Сахна төріне шығып марапат алған үздіктердің қатарында Абай университетінің бір топ ғалымы болғанын айта кетуіміз керек. Атап айтсақ, п.ғ.д., профессор-зерттеуші Ұлжарқын Абдигапбарова «Мемлекеттік ғылыми стипендия иегері» атанса, PhD, Өнер факультетінің деканы Кәрім Байғұтов «Дарынды жас ғалымдарға арналған ғылыми стипендия иегерлері» республикалық байқауының жеңімпазы және «Мемлекеттік ғылыми стипендия иегері» атанды.
Сонымен қатар, жоғары білім берудегі педагогикалық шеберлігін нықтаған 7 оқытушы-профессор «ЖОО-ның үздік оқытушысы – 2025» атағын иеленді. Олардың қатарыда геогр.ғ.д., профессор Бахадурхан Абдиманапов, х.ғ.к., қауымдастырылған профессор Жазира Мукатаева, PhD, Биология кафедрасының меңгерушісі Асия Майматаева, PhD, аға оқытушы Ерлан Исаков, PhD, Ғылымиметрия және ғылыми басылымдар орталығының жетекшісі Санат Құмарбекұлы, пед.ғ.к., постдокторант Адлет Кариев, PhD, аға оқытушы Нуржанат Шакирова бар.
Бұл марапаттар – Абай университеті ғалымдарының жүйелі еңбегін, ғылыми әлеуетін және білім мен ғылымды ұштастыру жолындағы табанды ізденістерін көрсетері анық.
Дереккөз: Dalanews.kz