TEDх ФОРМАТЫНДАҒЫ СПИКЕРЛІК СЕССИЯ ӨТТІ

Абай университетінде Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында «Smart Teaching Talks» атты TEDx форматындағы спикерлік сессия өтті. Ерекше пішінде ұйымдастырылған шарада білім беру ісінде жасанды интеллектіні қолдану тәсілдері айтылып, цифрлық трансформация жолдары сөз болды.


«Smart Teaching Talks» сессиясының негізгі мақсаты – білім беру үдерісінде цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын тиімді қолданудың заманауи тәсілдерін талқылау, тәжірибе алмасу және білім саласы мамандарының цифрлық құзыреттілігін арттыру. Білім беру, бизнес және технология саласындағы сарапшылар баяндама жасаған сессияны университеттің оқытушылары мен студенттері қызыға тыңдады.


Спикерлік сессияны ашқан Академиялық қызмет жөніндегі проректор Бану Нарбекова білім беру сапасын арттырудағы цифрлық трансформацияның стратегиялық маңызын атап өтті. Ал ЮНЕСКО-ның Алматы өңірлік бөлімшесінің білім беру жөніндегі ұлттық маманы Мейіргүл Алпысбаева жасанды интеллектіні қолданудың этикалық қағидаттары туралы кең түрде әңгімеледі. Оның айтуынша, ЖИ-тәсілдер балалардың когнитивті ойлау жүйесіне ықпалы бар болғандықтан, бұл технологияларды оқу бағдарламаларында аса сақтықпен қолдану қажет.


Іс-шараға онлайн қосылған сертификатталған бизнес-тренер Анар Сарсенова «Оқытушыларға арналған ЖИ: хаостан жүйеге көшу» тақырыбында сөз сөйледі. Ол өзінің халықаралық тәжірибедегі жұмыс үлгілеріне тоқталып, аудиторияға академиялық промпт архитектурасын құрастыру тәсілдерін таныстырды. Одан кейін «Білім берудегі жасанды интеллект» тақырыбында пікір білдірген Цифрландыру жөніндегі проректор Нұркен Мұсабаев оқу үдерісін автоматтандыру, деректерді талдау және басқарушылық шешімдер қабылдауда AI технологияларын қолдану бағыттарын баяндады.


Өзге де білікті спикерлер білім беру үдерісінде жасанды интеллект пен виртуалды зертханаларды қолдану тәжірибесін ұсынып, цифрлық құралдардың білім сапасына ықпалын түсіндірді. Білім беру саласындағы цифрлық трансформация мәселелерін талқылауда кәсіби пікір алмасу кеңістігіне айналған спикерлік алаңның екінші бөлігінде қатысушылар жасанды интеллект тақырыбындағы викториналық сұрақтарға жауап берді.

 

«Abai University» медиа орталығы