13.02.2026
УНИВЕРСИТЕТТЕР АЛДЫНДАҒЫ ЖАҢА МІНДЕТТЕР АЙҚЫНДАЛДЫ
2026 жылғы 13 ақпанда Алматыда ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қатысуымен Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Жоғары білім мен ғылым: цифрландыру және жасанды интеллект жылы» атты кеңейтілген алқа отырысы өтті.
Кеңейтілген алқа отырысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өткен жылғы атқарылған жұмыстар жөнінде есеп беріп, 2026 жылы жүзеге асырылатын жоспарымен бөлісті. Жоғары білім мен ғылым жүйесін сапалық тұрғыдан жаңғыртудың алдағы кезеңіне арналған басым бағыттары нақтыланған жиынның күн тәртібі кең ауқымды мәселелерді қамтыды. Олардың ішінде, білім беру саясатының нәтижелері, университеттердің ғылыми әлеуеті, халықаралық серіктестік, инженерлік білім берудің жаңа үлгілері, цифрлық шешімдерді енгізу және бизнес құрылымдарымен өзара іс-қимыл тетіктері талқыланды.
Аида Балаева шетелдік филиалдардың құқықтық мәртебесін
нақтылау, гранттық және бағдарламалық-нысаналы жобалардың нәтижелерін ашық әрі
қолжетімді ету, ғылым мен жоғары білім жүйесін цифрландыруды жеделдету, жасанды
интеллект технологияларын енгізу және білім беру бағдарламаларын жұмыс
берушілердің талаптарына сәйкестендіру бойынша нақты тапсырмалар берді.
– Мемлекет басшысы министрлік алдына үлкен талаптар
қойып отыр. Олар: жоғары білім сапасы, халықаралық әріптестік, цифрландыру және
жасанды интеллекет, ғылым мен өндірістің байланысын дамыту. Бұл мәселелер
мемлекетіміз үшін өте маңызды әрі өзекті құндылықтар, – деді Аида
Ғалымқызы.
Одан кейін сөз алған шетелдік және отандық сарапшылар әлемдік
тәжірибелерді салыстыра отырып, жоғары білімнің халықаралық деңгейде бәсекеге
қабілеттілігін күшейтуге бағытталған нақты шараларды ұсынды. Инженерлік білім
берудің жаңа үлгілері, цифрлық технологияларды оқу процесіне интеграциялау және
университеттер мен бизнес құрылымдары арасындағы серіктестікті тиімді ету
жолдарын сарапқа салды.
Бұдан кейін ғылыми зерттеулерді өндіріске енгізу,
инновациялық жобаларды дамыту бағытындағы алгоритм мемлекет стратегиясының
маңызды құрамдас бөлігі ретінде басты назарда қаралмақ. Өйткені, жоғары білім
жүйесі енді тек кадр даярлайтын алаң ғана емес, инновация мен технологиялық
дамудың стратегиялық орталығына айналуы тиіс.
Осыған байланысты кеңейтілген алқа отырысының
қорытындысында жоғары білім және ғылым саласын сапалы жаңғырту бойынша
кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын міндеттер айқындалды.
«Abai University» медиа орталығы