СТУДЕНТТЕР СПОРТ ЧЕМПИОНДАРЫМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Бүгін Абай университетінде елімізге танымал спортшылармен «Күшті рух – мықты ел» тақырыбында кездесу өтті. Кездесуге Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев, грек-рим күресінен Қазақстан чемпионы Алмат Кебіспаев және кәсіпқой боксшы Айдос Ербосынұлы келді. Олар спорт жолындағы қиындықтар мен жетістіктерін бөлісіп, жастарды жігерлендерді.


Жастар үшін аға буынның өмір жолы – тәжірибе мектебі. Спорттың табысқа толы тұғыры сырт көзге жарқын көрінгенімен, оның артында тынымсыз еңбек, темірдей тәртіп пен мызғымас төзім жатқаны сөзсіз. Спикерлер жеңіс жолындағы көзге көріне бермейтін қиындықтарды, рухани беріктік пен табандылықтың маңызын ерекше атап өтті. Студенттер көкейдегі сұрақтарын қойып, шынайы әңгіме өрбітіп, ерік-жігерін шыңдай түсті.


Бокстан халықаралық спорт шебері, Олимпиада ойындарының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев жастарға әркімнің сара жолы бар екенін, қай саланы таңдаса да, үздік болуға тырысуы тиіс екенін айтты. «Спорт та – өнер. Өнерде жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Бастысы – сынбау. Шын ниеттенген адам өзі қалаған биікті бағындырады» деген чемпионның сөзі жас спортшыларға ерекше әсер қалдырды.


Грек-рим күресінің шебері Алмат Кебіспаев спорттың ең үлкен сабағы – жеңсе тасымай, жеңілсе жасымай алға ұмтылу екенін жеткізді. Үздіксіз ізденіс пен жүйелі дайындықтың маңызын атап өткен ол халқымыздың «Білім – инемен құдық қазғандай» деген нақылын мысалға келтіріп, табандылықтың бағасын айқындады.


Кездесу барысында студенттер мен спортшылар сүбелі сұхбат құрып, бүкпесіз сырласты. Қазіргі жас спортшылар ел намысын абыроймен қорғаған тұлғалармен жүздесіп, олардың тәжірибесінен тағылым алды. Ал чемпиондар жас буынның жалындаған көзқарасынан жастық шағын көргенін жасырмады.


Шара соңында кәсіпқой боксшы Айдос Ербосынұлы домбырамен ән шырқап, кештің мазмұнын рухани әсермен түйіндеді. Университеттің Әлеуметтік даму мәселелері жөніндегі проректоры Мақсат Жақау қонақтарға алғыс білдіріп, студенттердің тұлғалық дамуына үлесі мол екенін атап өтті.


– «Жақсымен өткен бір күн – жаманның өтіп кеткен өміріндей» деген тәмсіл бар. Бүгінгі кездесу – соның айқын дәлелі. Уақыттың қалай зулап өте шыққанын да аңғармай қалдық. Мазмұнды жүздесу үшін сіздерге шынайы алғыс білдіремін. Жеңіс жолындағы тәжірибелеріңізді бөлісіп, болашақ чемпиондар жүрегіне жігер сыйладыңыздар», – деді проректор.


Айта кетейік, Абай университетінің Дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық факультетінде спортшы студенттер білім алады. Өткен жылы республикалық, халықаралық спорт додаларында білім алушылар 115 алтын, 76 күміс, 75 қола медалді қанжығасына байлаған болатын. Бүгінгі кездесу спортшы жастардың жігерін қайрап, жеңіске жетуге шабыттандырды.

«Abai University» медиа орталығы