ИНТЕРНЕТТЕГІ ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТ ТУРАЛЫ ДӘРІС ӨТТІ

Қазіргі уақытта әлеуметтік желідегі құқықбұзушылық фактілерінің артуы цифрлық кеңістіктегі тәртіп пен жауапкершілік мәселесінің өзектілігін көрсетеді. Осыған орай бүгін Абай университетінде «Адал азамат» жобасы аясында «Құқықтық сауат – өмірлік қорған» тақырыбында құқықтық дәріс өтті. Бұл іс-шараның студенттердің құқықтық сауаттылығын арттырып, медиа кеңістіктегі жауапкершілікті түсіндіруге үлесі мол.



Құқықтық дәрісте заңгер, PhD доктор Бақытжан Сапаров әлеуметтік желідегі жауапкершілік туралы жан-жақты мәлімет берді. Лектор онлайн кеңістіктегі әрбір әрекет, яғни пікір жазу, бөлісу немесе лүпіл басу  белгілі бір құқықтық салдарға әкелуі мүмкін екенін түсіндірді. Заңгердің айтуынша, қорлау, жала жабу, жалған ақпарат тарату, зорлық-зомбылыққа шақыру немесе әлеуметтік, ұлттық және діни араздықты қоздыру еліміздің заңнамасына сәйкес жауапкершілікке негіз болады. Сондай-ақ заңгер «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама» туралы заңның 14-бабына тоқталып, заңға қайшы контенттің нақты түрлерін атап өтті.


«Әлеуметтік желіде тараған заңға қайшы бейнеролик немесе постты таратуға үлес қоссаңыз да әкімшілік құқықбұзушылыққа тартылуыңыз мүмкін. Әсіресе жастар діни сипаттағы контентті бөлісу кезінде сенімді дереккөзге сүйенбей, қателік жібереді. Заңды білмеу жауапкершіліктен құтқармайтындықтан желідегі әрбір әрекетке абай болуымыз қажет», – деді Бақытжан Жолдыбайұлы.



Спикер әлеуметтік желіде соңғы уақытта тіркелген құқықбұзушылықтарды талдап, экстремистік деп танылған және тыйым салынған әдебиеттер мен ақпараттық материалдардың тізіміне тоқталды. Студенттер кибербуллинг, харасмент және онлайн-қудалау мәселелері бойынша сұрақтар қойып, заң аясында жауап алды. Дәрісте цифрлық дәуірде адам қауіпсіздігіне тікелей маңызды мәселелер ашық айтылды.

 

«Abai University» медиа орталығы