11.02.2026
СТУДЕНТТЕРГЕ SHINHAN BANK KAZAKHSTAN ШӘКІРТАҚЫСЫ ТАБЫСТАЛДЫ
Бүгін «Shinhan Bank Kazakhstan» акционерлік қоғамы Абай университетінің
студенттеріне ынталандыру шәкіртақыларын табыстады. Шәкіртақылар «Корей және
ағылшын тілдері мұғалімі» мамандығында оқитын 2-4 курс студенттеріне берілді.
Былтырдан бері «Shinhan Bank Kazakhstan» акционерлік қоғамы
Басқарма төрағасы Чжо Ёнг Ынның бастамасымен үздік студенттерге шәкіртақы тағайындау
жүзеге асырылып келеді. Ізгі дәстүр биыл
екінші рет жалғасын тауып отыр. Шәкіртақы иегерлері академиялық үлгерімі жоғары
және университеттің қоғамдық өміріне белсенді қатысатын студенттер арасынан
іріктелді.
Студенттерге атаулы грамоталар мен шәкіртақылар табыстау
рәсіміне «Shinhan Bank Kazakhstan» АҚ басқарушы директоры Нариман Джаксыкельдинов,
университеттің стратегия және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Айгүл
Искакова арнайы қатысты. Нариман Мұратұлы жоғары білім беру саласына қолдау
көрсету банктің әлеуметтік жауапкершілігінің маңызды бөлігі екенін атап өтті. Қазақстан
мен Корея Республикасы арасындағы білім беру ынтымақтастығын дамытуға, болашақ
корей тілі мұғалімдерін кәсіби даярлауға Shinhan Bank Kazakhstan
компаниясы айрықша басымдық береді.
Стратегия және интернационалдандыру жөніндегі проректор
Айгүл Төлеутайқызы банк басшылығына университет студенттеріне қолдау көрсеткені
үшін алғысын білдірді. Бұл бастама – жастарды жаңа жетістіктерге жігерлендіріп,
Қазақстан мен Корея арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайтуға ықпал етеді.
Айта кетейік, Абай университетінің Әлем тілдері
факультетінде 2021 жылы «Корей және ағылшын тілдері мұғалімі» білім беру
бағдарламасы ашылған. Қазіргі таңда бұл мамандықта 64 студент оқиды. Оның
ішінде 10 білім алушы шетелдік банк шәкіртақысына ие болып отыр. Оларға бір реттік
100 мың теңгеден берілді.
«Abai University» медиа орталығы