ФРАНЦИЯ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ӨКІЛДЕРІМЕН РЕСМИ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

 Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Басқарма Төрағасы-Ректоры Болат Тілеп бүгін Францияның Реймс Шампань-Арденна университетінің ресми делегациясын қабылдады. Онда екіжақты академиялық ынтымақтастықты нығайту және халықаралық серіктестікті дамыту бағыттары талқыланды.

 Француз делегациясының құрамында Реймс академиясының INSPE институты директорының халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары Фредерик Кастель және Реймс Шампань-Арденн университетінің профессоры Софи Урден болды.

Қонақтарды қабылдаған Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма Төрағасы-Ректоры Болат Тілеп Францияның жетекші жоғары оқу орындарымен әріптестік орнату қазақтың тұңғыш университеті жұмысына стратегиялық серпін беретіндігін, білім беру мен ғылыми тәжірибе алмасуда жаңа деңгейге көтерілуге мүдделі екіендігін білдірді.

Сондай-ақ екіжақты кездесуге Абай университеті Сорбонна-Қазақстан институтының директоры Айнұр Сабитова, Қазақстан Республикасындағы Францияның Елшілігі жанындағы қос дипломды бағдарламалар жөніндегі үйлестіруші Аньес Буссе қатысты.

Екіжақты басқосуда тараптар педагог кадрларды даярлау бағытындағы ынтымақтастықты кеңейту, француз тілі бойынша бірлескен білім беру бағдарламаларын дамыту, академиялық ұтқырлық аясында студенттер мен оқытушылар алмасуды жандандыру мәселелерін жан-жақты сөз қылды. Сонымен қатар, тараптар халықаралық деңгейдегі бірлескен жобаларды жүзеге асыру, делегациялар алмасу тәжірибесін жалғастыру және қос дипломды білім беру бағдарламаларын жетілдіру бағыттарына да назар аударды.

Қатысушылар серіктестікті институционалдық деңгейде нығайтуға және тәжірибе алмасуды жүйелі түрде дамытуға ниеттестігін жеткізді. Жиын қорытындысында тараптар халықаралық байланыстарды одан әрі тереңдетіп, стратегиялық әріптестікті жаңа деңгейге көтеру жөнінде ортақ уағдаластыққа келді.

 

«Abai University» медиа орталығы