10.02.2026
УНИВЕРСИТЕТ РЕКТОРЫНЫҢ СТУДЕНТТЕРМЕН АШЫҚ КЕЗДЕСУІ ҚОРЫТЫЛАНДЫ
Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма Төрағасы-Ректоры Болат Тілеп екі апта бойы барлық факультет студенттерімен ашық форматта кездесу өткізгені белгілі. Бүгін «еркін микрофон» түрінде өткен осы кездесу өз жұмысын қорытты. Қорытынды басқосуда да бұған дейін айтқанымыздай, саясаттан бастап студент асханасына дейін сөз болып, ашық әңгімеде университеттің академиялық саясаты мен инфрақұрылымын дамытуға байланысты ұсыныс-пікірлер тыңдалды.
Университет басшылығы мен студенттер
арасындағы өрбіген емен-жарқын кездесу барысында білім алушылар өз сұрақтарын
қоюға еш қысылған жоқ. Оқу корпустарының ахуалы, материалдық-техникалық базаны
жаңғырту, білім беру кеңістігін заманауи талаптарға сәйкестендіру жайы тақырыпқа
өзек болды.
– Еліміздегі тұңғыш ашылған
жоғары оқу орны – Абай университеті. Алдағы уақытта қара шаңырақтың 100 жылдық
мерейтойын атап өтеміз. Ғасырлық тарихы бай оқу ордасының қазіргі өзекті
мәселелерін анықтап, студенттердің ой-пікірін тыңдауға жиналдық. Сондықтан,
қандай да бір ұсыныстар мен сұрақтарыңыз болса, ашық айтыңыздар, – деді университеттің Басқарма Төрағасы-Ректор Болат Анапияұлы.
Кездесу барысында білім алушылар
көкейтесті сауалдары мен жаңашыл идеяларын университет басшылығына жеткізіп,
ашық диалог орнатты. Тіпті, шетелдік студенттердің виза рәсімдеу, көші-қон
талаптары, әлеуметтік-тұрмыстық бейімделу барысындағы қиындықтармен күресу де
кеңінен қозғалды. Ректор университет тарапынан барлық қолдау көрсетіліп,
түйінді күрделіліктерді шешуге дайын екенін жеткізді.
Сондай-ақ академиялық ұтқырлық
бағдарламасының жүзеге асырылуы, студенттердің тәжірибе алмасуы да айтылды. Шетелдік
жоғары оқу орындарымен студент алмасу бағдарламаларын көбейту, серіктес
университеттер санын арттыру жөнінде пікірлер ортаға салынды. Екі апта бойы ашық
диалог форматында өткен кездесулерде студенттер өз ойларын университет
басшылығына еркін жеткізуге мүмкіндік алды.
– Университет студенттерімен ашық
кездесіп, біз үшін маңызды мәселелерді тыңдағаныңызға алғысымызды білдіреміз.
Студенттердің талап-тілектерін ескеріп, оқу ордасын дамытуға бағытталған
жобалар жүзеге асады деп сенеміз. Бұл кездесу – біз үшін ерекше мүмкіндік
болды, – деді Дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық
факультетінінің студенті Абишева Асылзат.
Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма
Төрағасы-Ректоры Болат Тілеп Анапияұлы өткен аптадан бері әрбір факультет
студенттерімен кездесіп, олардың барлық өтініштерін тыңдаған болатын. Әрбір білім
алушының ұсыныс-пікірі назардан тыс қалмақ емес.
«Abai University»
медиа орталығы