10.02.2026
ҒЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ
Абай университетінде ғылыми әлеуетті арттыру және ғылымға қатысты мәселелерді шешу мақсатында талқылау жиыны ұйымдастырылды. Онда диссертациялық жұмыстар, ғылыми жобаларды игеру және ғылыми журналдарға қатысты өзектіліктер қаралды.
Университеттің Зерттеу қызметі және инновация жөніндегі проректоры Ертай Сұлтан диссертациялық кеңес жұмыстарына тоқталып, PhD докторанттардың ғылыми зерттеу жұмыстарының сапасын жіті қадағалауға ерекше назар аударды. Проректор диссертацияның техникалық және мазмұндық жағынан талапқа сәйкестігі әрі уақытылы қорғалуын бақылауды негізге алды. Алдағы уақытта бірнеше ғылыми бағыт бойынша диссертациялық кеңестер құру, ондағы жоспар мен мүмкіндіктер айқындалды.
Кездесуде университеттегі ғылыми зерттеулерді қолдау және дамыту мақсатында бөлінетін ішкі гранттың игерілуі де сөз болды. Жас ғалымдар мен оқытушы-профессорлық құрамға арналған жобаларды жоспарға сәйкес тиімді пайдалану жөнінде айтылып, бірқатар ұсыныс ортаға салынды.
Сонымен қатар, университеттің ғылыми журналдарын дамыту, редакциялық алқасын күшейту, жарияланым сапасын арттыру және ғылыми әлеуетті нығайтуға бағытталған нақты шаралар қабылданды. Абай университетінің стратегиялық дамуына негізделген ғылыми зертханалардың қызметін жетілдіру және оларды аккредитациядан өткізу қарастырылды.
Жиын барысында ғылымға қатысты түрлі тақырып қозғалып, университеттің ғылыми әлеуетін дамытуға бағытталған жұмыс жоспары талқыланды. Алдағы уақытта ғылыми-зерттеу қызметінің ауқымын кеңейту, халықаралық әріптестікті нығайту және гранттық қаржыландыру көлемін ұлғайту жұмыстары жалғаса бермек.