10.02.2026
АКАДЕМИЯЛЫҚ КЕҢЕСТІҢ КЕҢЕЙТІЛГЕН МӘЖІЛІСІ ӨТТІ
Абай университетінде Академиялық кеңестің кеңейтілген мәжілісі өтті. Басқосу барысында жоғары оқу орындарының білім беру қызметіне ұсынылатын жаңа біліктілік талаптары түсіндіріліп, білім беру қызметін жетілдіру, ұлттық рейтинг талаптарына бейімделу, педагогикалық практиканың тиімділігін арттыру және академиялық адалдық қағидаттарын нығайту мәселелері кеңінен талқыланды.
Қазіргі жоғары білім беру жүйесінде сапалы оқыту тек оқу бағдарламаларын
жаңартумен шектелмейді. Академиялық ортада адалдық, жауапкершілік және әділ
бағалау мәдениетін қалыптастыру – университеттің институционалдық дамуының
негізгі көрсеткіштерінің бірі. Осы тұрғыда академиялық адалдық білім
алушылардың өз бетінше ізденуін, ғылыми жұмыстардың шынайы орындалуын және
кәсіби этиканың сақталуын қамтамасыз ететін маңызды қағида ретінде
қарастырылады.
Университеттің стратегиялық даму бағытын айқындайтын Академиялық кеңес –
оқу және ғылыми саясатты жүйелі түрде үйлестіріп, білім беру сапасына қатысты
шешімдер қабылдайтын негізгі алқалы басқару органы. Кеңейтілген мәжілістің
басты мақсаты – академиялық үдерістегі өзекті өзгерістерді талқылап,
тәжірибелік бағыттағы жұмыстарды күшейту болды.
Кездесу барысында Академиялық қызмет жөніндегі проректор Бану Нарбекова қазіргі
жаңашылдықтарға тоқталып, жоғары оқу орындарының білім беру қызметіне
ұсынылатын жаңа біліктілік талаптарын кеңінен түсіндіріп берді. Жасанды
интеллект дәуірінде оқытушылардың кәсіби құзыреттілігі мен академиялық
жауапкершілігіне қойылатын талаптардың жан-жақты күшейіп келе жатқанын атап
өтті.
Академиялық кеңес отырысында ұлттық рейтинг жүйесіне сәйкес, университеттің
білім беру көрсеткіштерін жақсарту қажеттілігіне де ерекше мән берілді. Сондай-ақ,
педагогикалық практиканың мазмұнын жетілдіру мәселесі көтеріліп, студенттердің
ғылыми-зерттеу жұмыстарының сапасын арттыру маңызы қаралды. Бұдан өзге дипломдық
жұмыстардың эксперименталды бөлімін педагогикалық практика кезеңінде жүзеге
асырудың тиімділігі, «Action Research» тәсілінің болашақ мамандарды кәсіби
тұрғыда қалыптастырудағы әлеуеті сөз болды. Бұл әдіс студенттердің нақты
тәжірибелік ортада зерттеу жүргізіп, мәселені талдау арқылы шешім қабылдау
қабілетін арттыра түспек.
Басқосу соңында қатысушылар білім беру сапасын көтеру, академиялық адалдық
мәдениетін орнықтыру және педагогикалық практиканы жаңғырту бойынша талқылау
жұмыстарын жүргізіп, өз ұсыныстарын ортаға салды.
«Abai University» медиа орталығы