«АДАЛ АЗАМАТ» ҚАҒИДАСЫ АЯСЫНДА КӘСІПКЕРМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Мемлекет басшысының бастамасымен «Адал азамат» қағидасы қоғамда адалдық, жауапкершілік пен кәсіби этиканы нығайтуға ықпал етіп келеді. Қоғам қайраткерлерімен, белгілі тұлғалармен және кәсіпкерлермен бұл бағытта тағылымды кездесулер көптеп өтуде. Осы орайда бүгін Абай университетінде кәсіпкер Асылзат Қамбарбековамен «Кәсіп жүргізудегі ұстанымдар» тақырыбында кездесу өтті.

Келелі кездесуге білім алушы жастар қатысып, адалдық пен жауапкершілікті өмірлік ұстаным еткен кәсіпкерлік мәдениет мәселелерін талқылады. «Адал азамат» қағидасы аясында ата-бабадан келе жатқан адал еңбек, таза ниет пен маңдай терге негізделген құндылықтардың кәсіпкерлік қызметпен өзара сабақтастығына ерекше назар аударылды. Кездесу еркін форматта өтіп, жастар мен спикер арасында диалог өрбіп, ашық әңгіме айтылды.

Асылзат Ералықызы кәсіпкерлік жолындағы өз тәжірибесімен бөлісіп, бизнес жүргізудегі маркетинг және менеджмент, басқару қағидаларының маңызын атап көрсетті. Кәсіпкер нарықтағы сұранысты дұрыс анықтау, аудиториямен жүйелі жұмыс жүргізу, сондай-ақ басқару тетіктерін тиімді қолдану табысты кәсіптің негізгі жолы екенін ашып айтты.

–                     Нарықта сұраныс тудырған кез келген бағытта кәсіпкерлікпен айналысуға болады. Алайда табысты кәсіптің берік іргетасы – білім. Білімге негізделген іс қана ұзақ мерзімді нәтиже береді, – деп кәсіпкерлер үшін үздіксіз дамудың маңызын нақтылады.

Кәсіпкерлікте келіссөз жүргізе білу мен коммуникациялық шеберлік аса маңызды дүние. Бизнес иесі серіктестермен және тұтынушылармен дұрыс қарым-қатынас орнатып, өз ойын сауатты жеткізу кәсіпкерліктің алғышарты екенін алға тартты.

Осындай мазмұнды кездесулер жастардың санасына адал еңбек пен жауапкершіліктің мәнін терең сіңіреді. Әрбір адам үшін білімге сүйену, сөзге берік болу, адаммен тіл табыса білу – еңбек жолындағы ең қажетті қасиеттер. Кездесуге қатысқан жастар кәсіпкердің ұстанымдарын жете түсініп, кәсіп ашуға байланысты сауалдарына жауап алды.

 

«Abai University» медиа орталығы