ФРАНЦИЯНЫҢ ШАМПАНЬ-АРДЕНН УНИВЕРСИТЕТІНЕН ДЕЛЕГАЦИЯ КЕЛДІ

Абай университетіне Франциядан ресми делегация келді. Делегация құрамында Реймс академиясының INSPE директорының халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары Фредерик Кастел, Реймс Шампань-Арденн университетінің профессоры Софи Хауордин, сондай-ақ Францияның Қазақстан Республикасындағы Елшілігі жанындағы қос диплом бағдарламаларының координаторы Аньес Буссе болды. Кездесудің мақсаты – Абай университеті мен Шампань-Арденн университеті арасындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту.


Кездесу барысында Абай университетінің басшылығы қонақтарға еліміздің тұңғыш жоғар оқу орнының тарихы мен білім беру бағдарламалары, көрсеткіштері мен рейтингі туралы таныстырылым жасап, екі университет арасындағы бірлескен жобаларды дамыту мүмкіндіктерін тілге тиек етті. Тараптар зерттеу бағытындағы ынтымақтастықты тереңдетуге, француз тілін оқыту сапасын арттыру мақсатында оқыту әдістемелерімен алмасуға қызығушылық білдірді. Фредерик Кастел өз сөзінде француз университеті серіктес ретінде тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін атап өтіп, ынтымақтастықтың негізгі тірегі білім беру үдерісіне ғылыми-зерттеушілік көзқарас екенін айтты.


Қазақстанда француз тіліне деген қызығушылықтың артып, француз тілі пәні мұғалімдеріне сұраныс өсіп келеді. «Бұл екі университет арасындағы серіктестік білім беру сапасын арттырумен қатар, мәдениетаралық коммуникацияны дамытуға да ықпал етеді. Абай университетінің тәжірибесін жоғары бағалаймыз әрі сіздерден үйренеріміз көп» деген профессор Софи Хауордин қазақстандық студенттердің француз тілін үйренуге деген жоғары ынтасына ризашылығын білдірді.


Екіжақты кездесу барысында Сорбонна-Қазақстан институтының рөлі ерекше атап өтілді. Аталған институт Қазақстан мен Франция арасындағы жоғары білім саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етіп, тиімді диалог алаңына айналды.


Қазіргі таңда Шампань-Арденн университетінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Абай университетінің 20 студенті білім алып жатыр. Мұндай бағдарламалар Қазақстан-Франция арасындағы білім беру байланыстарын нығайтуға ерекше даму беріп отырғанын айта кетуіміз керек. Абай университеті мұндай академиялық алмасуға қолдау білдіргені үшін серіктес оқу орны мен Франция Елшілігіне алғыс білдірді.

 

«Abai University» медиа орталығы