06.02.2026
ОТБАСЫ – АДАЛ АЗАМАТ БАСТАУЫ
«Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында елімізге белгілі өнер және білім майталмандарының қатысуымен «Отбасы құндылығы: дәстүр, тәрбие және заманауи көзқарас» тақырыбында тәрбиелік мәні зор кездесу өтті. Шараның басты мақсаты – жастарға отбасының қоғамдағы рөлін терең түсіндіріп, ұлттық құндылықтар мен адамгершілік тәрбиенің маңызын насихаттау.
Отбасын өз алдына бір мектеп десек, оның үш тұғыры – дәстүр, тәрбие және заманауи көзқарас. Осы құндылықтарды біріктірген кездесуге қоғам дамуына елеулі үлес қосып жүрген танымал тұлғалар – Аягүл Миразова, Бауыржан Жақып, Болат Бөкенов, Қаракөз Сүлейменова, Болат Әбділманов, Сәуле Досжанова бастаған түрлі өнер саласының майталмандары қатысты. Қонақтар университет жастары алдында сөз сөйлеп, отбасы институтының мәні, ұлттық тәрбиеге негізделген бала өсіру, ерлі-зайыптылар арасындағы жауапкершілік пен өзара сыйластық мәселелеріне жан-жақты тоқталды.
Спикерлер кәсіби жолындағы тәжірибелерімен қатар, өмірлік мысалдар келтіре отырып, отбасының адам тұлғасының қалыптасуындағы айрықша орнын айтты. Олар болашақ педагогтарды өз мамандықтарында да, отбасылық өмірлерінде де қазақы менталитетті басты бағдар етіп, тәрбиенің қайнарын ұлттық құндылықтардан іздеуге шақырды.
– «Жақсы ұстаз болудың қатып қалған ережесі жоқ. Жақсы ұстаз, жақсы ата-ана болу үшін ең алдымен жүректерің жылы болсын. Ал ел алдында абыройлы болам десеңдер, айтқан сөздерің де, ниеттерің де жылы болуы керек», – деп болашақ әріптестеріне жүрекке жетерлік ақыл-кеңесін айтты атақты ұстаз-педагог, Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова.
Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, ақын Бауыржан Жақып әже туралы тебірентерлік өлеңін оқып, өз шығармаларын Абай университетінің кітапханасына тарту етті. Ал Абай бейнесін сахнада сомдап жүрген актер Болат Әбділманов «Абайдың жұмбағы» спектаклінен әсерлі үзінді орындап, студенттерге рухани серпіліс сыйлады. Сондай-ақ, жазушы Сәуле Досжанова, әнші Қаракөз Сүлейменова және «Алатау» дәстүрлі өнер театрының әртістері отбасылық құндылықтар жөнінде сөз сөйлеп, кештің мәнін тереңдете түсті.
Мазмұнды кездесу барысында студенттер білім мен тәрбиенің, кәсіби дамудың негізі ең алдымен отбасылық құндылықтардан басталатынын түйіп, рухани бай әсермен тарқасты.
«Abai University» медиа орталығы