БІТІРУШІ МАГИСТРАНТТАРҒА ДИПЛОМ ТАПСЫРУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ

Бүгін Абай университетінде физика және математика мамандықтары бойынша түлектерге магистратура дипломы табысталды. Ғылыми-зерттеу жұмыстарын сәтті қорғаған 22 түлекке Математика, физика және информатика факультетінің аттестаттау комиссиясы шешімімен ғылым магистрі дәрежесі берілді.

 

Салтанатты жиынға университет және факультет басшылары қатысып, жас мамандарды ғылым жолына қадам басуымен құттықтады. Магистратура түлектері ғылым-білімнің дамуына үлес қосатын білікті маман боларына сенім білдіріп, алдағы кәсіби жолына сәттілік тіледі. Іс-шара барысында үздік ғылыми зерттеу жұмыстарымен ерекшеленген бірқатар түлектерге алғыс хаттар табысталды.

 

Бітіруші түлектер «7М05302 – Физика», «7М05401 – Математика» және «7М01504 – Физика» білім беру бағдарламалары негізінде оқыды. Ғылыми жаратылыстану пәндері бойынша педагогтарды даярлау, физикалық және химиялық ғылымдар, математика және статистика бағыттары бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізді. Магистрлік диссертациялар қазіргі ғылым мен білім беру жүйесінің өзекті мәселелеріне, инновациялық технологияларды енгізуге, цифрлық шешімдерді қолдануға және пәнаралық бағыттарды дамытуға арналды.

 

Айта кету керек, университетте ғылыми-зерттеу жұмыстарына, халықаралық ынтымақтастыққа және инновациялық жобаларды дамытуға айрықша назар аударылады. Бұл өз кезегінде жас ғалымдардың әлеуетін арттырып, отандық ғылымның жаңа буынын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

 

Қазіргі таңда, Абай университеті – жоғары білікті ғылыми-педагогикалық мамандар даярлаудың қарашаңырағына айналды. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласы бойынша магистратурада – 1609,  докторантурада – 531 зерттеуші ғалым білім алып жатыр.

 

Бұл – университеттің ғылыми әлеуетінің көрсеткіші. Алдағы уақытта ғылыми кадрларды даярлауға басымдық беріледі. Өйткені, оқу ордасының миссиясында 2029 жылға дейін зерттеу университетіне айналуы көзделіп отыр.

 

«Abai University» медиа орталығы