ПЕДАГОГ ЭМОЦИЯЛЫҚ КҮЙЗЕЛІСКЕ ЖОЛ БЕРМЕУ КЕРЕК

Абай университетінде 6 ақпан күні «Балинт тобы – мамандардың эмоционалдық күйзелісінің алдын алудың топтық әдісі» тақырыбында практикалық семинар өтті. Семинар кураторлар-эдвайзерлерді кәсіби ортада эмоционалдық қажудың алдын алуға көмектесетін Балинт топтары әдісімен таныстыруға, студенттермен қарым-қатынаста кездесетін қиындықтарды терең талдауға мүмкіндік беруге және ұжым ішінде өзара қолдау жүйесін қалыптастыруға арналды.


Семинарға арнайы шақырылған спикер – медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты дәрігер, психиатр әрі психотерапевт Сергей Владимирович Скляр өз сөзінде эмоционалдық күйзелістің алдын алу ең алдымен адамның өз ішкі эмоциясын түсініп, оны ажырата білуінен басталатынын айтты. «Өз эмоцияңызды сезінбей, қандай күйде тұрғаныңызды түсінбей, концентрация мүмкін емес. Эмоцияны байқап, оны бір сәтке қасыңызға қойып, содан кейін ғана жұмыс істеу керек», – деді маман.


Семинар барысында қатысушылар тәжірибелік жұмысқа белсенді араласып, шеңбер бойынша өздерінің қазіргі сезімдерін атап өтті. Спикер мамандардың көп жағдайда эмоцияны емес, ойды айтуға бейім екенін айтып, бұл кәсіби шаршаудың терең себептерінің бірі екенін жеткізді. «Мен эмоция сұрасам, көп адам ой туралы сөйлей бастайды. Тіпті мамандардың өзі эмоция мен ойды ажырата бермейді», – дейді Сергей Скляр.


Психотерапевт адамдардың бір кеңістікте отырып-ақ жағдайды әртүрлі қабылдайтынын мысалға келтіріп, әр адамның өз «виртуалды шындығы» бар екенін ұғындырды. «Біз бір бөлмедеміз, бір нәрсені көріп отырмыз. Бірақ әрқайсымыздың өз шындығымыз бар. Әр адам өзінің шындығын ғана дұрыс деп қабылдайды», – дейді. Осы тұста маман кәсіби өмірде саналы түрде өз күйін түсінудің маңызына тоқталды.


Іс-шара барысында Балинт әдісінің құрылымы таныстырылып, нақты тәжірибелік жағдайлар талданды. Қатысушылар студенттермен жұмыс барысында кездесетін күрделі сәттерді ортаға салып, конфликт жағдайларға басқа адамның көзқарасымен қарауды, ішкі ресурстарды табуды үйренді. Сергей Скляр кәсіби қарым-қатынаста жалпылама ойлаудың қателік екенін де ескертті. Оның айтуынша, студенттердің бәрі үй тапсырмасын орындамайды деу – бұл жалпылау қатесі. «Бәрі» бірдей болмайды. Әр студенттің өз жағдайы бар.


Семинар соңында кураторлар әріптестік қолдаудың құндылығы жөнінде өз әсерлерімен бөлісті. Спикер эмоционалдық күйзелістің алдын алу және күш-қуатты қалпына келтіру бойынша практикалық ұсыныстар берді. Аталған семинарға 40-тан астам куратор қатысты.

 

«Abai University» медиа орталығы