АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ МЕЙІРІМДІЛІК ОНКҮНДІГІ ӨТЕДІ


Қазақстанның бастамасымен 2026 жыл әлемдік деңгейде «Халықаралық еріктілер жылы» болып жарияланып, Мемлекет басшысының бұл ұсынысына байланысты БҰҰ арнайы қарар қабылдағаны белгілі. Аталған шешім Қазақстанның еріктілер қозғалысын дамытудағы белсенді ұстанымын айқындай түсті. Осыған орай, Абай университетінде «Мейірім энергиясы – Мәңгілік тренд!» ұранымен «Мейірімділік онкүндігі» өтеді. 16–27 ақпан аралығында ұйымдастырылатын бұл әлеуметтік жоба университет студенттері мен профессор-оқытушылар құрамын еріктілік қызметке тартуға бағытталған.


Онкүндік аясында білім алушылар әлеуметтік, экологиялық, медициналық, төтенше жағдайлар кезіндегі көмек көрсету, сондай-ақ зооволонтерлік бағыттар бойынша түрлі іс-шараларға қатысады. Жобаның басты мақсаты – еріктілік қызметті тұрақты дамудың негізгі факторы ретінде дәріптеу, әлеуметтік байланыстарды нығайту және қоғамның осал топтарына нақты қолдау көрсету. Акция барысында ҰОС ардагерлері мен жалғызбасты қарттарға, өмірлік қиын жағдайға тап болған жетім балаларға, есту қабілеті бұзылған ерекше балаларға, тірек-қимыл аппараты зақымданған мүмкіндігі шектеулі жандарға, сондай-ақ жануарлар панажайындағы үй жануарлары мен қыстайтын құстарға бағытталған қайырымдылық ұйымдастырылады. Бұл бастама мейірімділік пен жанашырлықты нақты әрекет арқылы көрсетуге мүмкіндік бермек.


Бағдарлама аясында бірнеше маңызды әлеуметтік жоба да жүзеге асырылады. Атап айтқанда, «Игі істер марафоны» ашылу салтанаты мен қайырымдылық жәрмеңкесі, «Paperlife: қағазға – өмір сыйла!» атты экологиялық челлендж арқылы макулатура жинау жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, «Мейірім себеті» акциясымен ардагерлерге азық-түлік жеткізілсе, «Мейірімді баспана» жобасы арқылы жануарлар панажайына қажетті заттар жиналады. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған әлеуметтік терапиялық шахмат турнирі өткізіліп, балаларға арналған туған күн қайырымдылық бенефисі болады. Құстарға қамқорлық жасауға бағытталған экоойын сабақтары, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы, «Мейірімді ертегілер» театр қойылымы және ТДМ бойынша Kahoot форматындағы еріктілік хакатоны да онкүндіктің мазмұнын байыта түседі.


Онкүндік 27 ақпанда ғылыми-практикалық конференциямен қортындыланып, ең белсенді қатысушыларды марапаттау рәсімі өтеді. Іс-шараны Абай университеті, ҚазҰПУ ЮНЕСКО кафедрасы, Алматы қаласындағы ЮНЕСКО өңірлік кеңсесі, Әлеуметтік және жастар саясаты жөніндегі департамент және «Мейірім» еріктілер клубы бірлесіп өткізеді.


«Мейірімділік онкүндігі» – қоғамға жанашырлық танытып, нақты көмек көрсету арқылы жастардың азаматтық жауапкершілігін арттыратын маңызды бастама. Бұл жоба еріктілікті өмір салтына айналдыруға, мейірім энергиясын қоғамға кеңінен насихаттауға арналған. Өйткені мейірім – мәңгілік құндылық, ал еріктілік – сол құндылықтың іс жүзіндегі көрінісі.

 

«Abai University» медиа орталығы