ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚТЫҢ НЕГІЗІ БІЛІМДЕ ЖАТЫР

Абай университетіне танымал экономист, тәуелсіз сарапшы Мақсат Халық қонаққа келіп, студенттерге қаржылық сауаттылық негізі туралы қызықты дәріс оқыды. Іс-шараның басты мақсаты – студенттердің қаржыны басқарудағы сауатын арттыру, оларға адалдық пен тәртіпті дәріптеу. Кездесуге келген студенттер өз сұрақтарына жауап алып, күнделікті өмірде қолданар нақты әрі пайдалы ақпарат алды.


Қаржылық сауаттылықты қалыптастыру – ең алдымен ақшаға қатысты саналы әдеттерді дамыту мен шығындарға мән беруден басталады. Мәселен, табыстың кемінде 10%-ын жинаққа аудару, яғни «алдымен өзіңе төлеу» қағидасы қаржылық тәртіптің негізгі элементі. Қаражатқа ие болудың жолдарын түсіндірген дәрісте Мақсат Халық ақша жұмсауға келгенде асығыстық жарға жығуы мүмкін екенін айтады.


– Ақшаға қатысты шешімді эмоциясыз қабылдауды үйреніңіздер. Ақшаға келгенде әрдайым салқынқанды болу көп мәселенің алдын алады, – дейді ол.


Жасанды интеллект қарқынды дамыған заманда кез келген адамның сырт келбеті мен даусын жасанды түрде жасап, түрлі контент арқылы сенімге кіру, сондай-ақ тез әрі оңай табыс табуды ұсыну сияқты алаяқтық түрлері қазірде кең таралып отырғаны жасырын емес. Алаяқтықты дер кезінде анықтау, одан сақтану және күресу жолдарын нақты мысалдармен жеткізген дәріскер одан аса абай болуды ескертеді. Бұл мәліметтер студенттердің ерекше қызығушылығын тудырып, қызу талқыға себеп болды.


– Ғалымдардың зерттеуінше, бақыттың 48 пайызы – генетикалық факторларға, 40 пайызы – қуанышты сәттерге және 12 пайызы – адамның өзіне байланысты екен. Осы 12 пайыз әсердің өзінен айтарлықтай нәтиже шығаруға болады. Ол үшін адамға мықты сенім, отбасындағы тәрбие, сапалы орта мен тынымсыз еңбек керек, – дей келе, Мақсат Халық жастарды өз мақсаттарына еңбекпен әрі табандылықпен жетуге шақырды.


Ол студенттерге басты назарды табыс табуға емес, білім алуға және кәсіби дамуға аудару қажеттігін ерекше атап өтті. Оның пікірінше, өз ісінің білікті маманы болу – болашақтағы тұрақты әрі адал табыстың негізі болмақ.

 

«Abai University» медиа орталығы