КОНСТИТУЦИЯ – БОЛАШАҚТЫҢ КЕПІЛІ

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы-Ректоры Болат Тілеп бүгін құқықтық мәселелерге байланысты студенттермен кездесті. Онда жалпыхалықтық талқыға ұсынылған жаңа Конституция жобасы, «Адал азамат», «Заң мен тәртіп» қағидалары аясында әңгіме қозғалып, студенттердің әлеуметтік жағдайы мен академиялық адалдық мәселелеріне дейін сөз болды.

 

Кездесу барысында ректор ел өміріндегі Конституциялық реформалардың маңызына тоқталып, студенттердің қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді араласуы қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, Конституция – мемлекеттің негізін айқындайтын басты құжат, сондықтан әрбір азамат оның мәнін түсініп, болашаққа жауапкершілікпен қарауы тиіс.

 

– Конституция – бұл жай ғана заңдар жинағы емес, елдің ертеңін айқындайтын бағдар. Қазір қабылданатын өзгерістермен келесі ұрпақ кемінде біраз жыл өмір сүруі мүмкін. Сондықтан жастардың бұл мәселеге бейжай қарамауы өте маңызды, – деді Болат Анапияұлы.

 

Жиын еркін форматта өтіп, студенттер өз ойларын ашық жеткізуге мүмкіндік алды. Кездесу барысында тек құқықтық тақырыптар ғана емес, жастарды толғандыратын өзекті мәселелер де кеңінен айтылды. Атап айтқанда, цифрлық сауаттылықты дамыту, академиялық адалдық қағидаларын сақтау, білім беру сапасы және студенттердің әлеуметтік жағдайы жөнінде нақты сұрақтар қойылды.

 

– Абай университеті ұлылардың ұясы болған қасиетті қара шаңырақ. Еліміздегі жоғары білімнің бастауы осы тұңғыш университеттен басталады. Тұлға ғана емес, тұлға тәрбиелейтін Ұстаз қалыптастыратын – Абай университетінде білім алу әркімге бұйырмаған бақ. Сіздер алда бір ғасырлық мерейтойын атап өтетін тарихи уақытта оқып жатсыздар. Сондықтан, елдің ертеңіне зор үлес қосатын білімді азамат болып шығуларыңыз керек, – деді Басқарма Төрағасы.

 

Ректор университетте білім алушыларға жасалып жатқан қолдау туралы айтып, студенттердің ұсыныстары әрдайым назарда болатынын жеткізді. Сонымен қатар, қазіргі заман талабына сай жасанды интеллект пен жауапты көзқарастың маңызына ерекше тоқталды.

 

Кездесуге қатысқан жастар өздерінің көкейіндегі сауалдарын қойып, оқу процесіне қатысты ұсыныстарын білдірді. Ашық пікір алмасу барысында студенттер университет басшылығынан нақты жауаптар ала алды.

 

 

«Abai University» медиа орталығы