03.02.2026
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СЕРІКТЕСТІК МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Бүгін Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма Төрағасы-Ректор Болат Тілеп халықаралық GLEN білім беру ұйымының директорын қабылдады. Кездесудің негізгі мақсаты – халықаралық ынтымақтастықты арттырып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру. Академиялық тәжірибе алмасу және қосдипломды білім беру бағдарламаларын іске қосу мәселелерін талқылады. Алдағы уақытта Қытайдың үздік университеттерімен серіктестік орнатып, жоғары білім беру саласын дамытуға уағдаласты.
Халықаралық GLEN ұйымының Бас директоры Цяо ХанБо Қазақстан-Қытай арасындағы мемлекетаралық серіктестікті нығайтуда университеттермен тығыз байланыс орнатуға ниетті екенін жеткізді. Педагогикалық білім беру саласындағы өзара серіктестік мүмкіндіктерін, академиялық алмасу және бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру туралы ұсыныс білдірді.
Ұйым директоры соңғы жылдары білім беру саласындағы ынтымақтастықтың едәуір артқанын алға тартты. Еліміздің жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатып, өз елінде өткен жылы халықаралық форум өткізген. Алдағы уақытта Абай университетімен бірлесе отырып ғылыми жобалар мен білім беру бағдарламасын іске қосу мәселелерін қозғады. Студенттерге арналған елдер арасындағы виза мәселесін жүйелі түрде реттеу туралы да сөз болды.
Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма Төрағасы-Ректор Болат Тілеп айтылған ұсыныстарды жылы қабылдап, бірлесе жұмыс істеуге қолдау білдірді. Қарашаңырақта қытай тілі және қытайтану кафедрасының жұмыс істейтінін және академиялық ұтқырлық бағдарламасымен тәжірибе алмасудың мол мүмкіндік беретінін жеткізді. Болашақта бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру мәселелерін кеңінен талқылап, екіжақты ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін айтты.
Сөз кезегінде Халықаралық ұйым директоры Цяо ХанБо қытайлық оқытушылар мен студенттердің Қазақстандағы үздік педагогикалық университетте білімін жетілдіру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Қос тарап екі жақты ынтымақтастықты дамыта отырып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға келісті.
«Abai University» медиа орталығы