03.02.2026
СУИЦИД ТАҚЫРЫБЫНДА ДӘРІС ӨТТІ
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, жыл сайын әлемде 800 мыңнан астам адам суицидтен көз жұмады. Бұл – әр 40 секунд сайын бір адам өз өмірімен қоштасады деген сөз. Демек, суицид саны соғыс пен зорлық-зомбылық салдарынан қаза тапқандар санынан да асып түскен. Аталған мәселенің елімізде де өршіп тұрғанын жасыра алмаймыз. Осыған байланысты бүгін Абай университетінде «Суицидтік мінез-құлықтың алдын алу» тақырыбында жастарға арналған қоғамдық дәріс өтті.
Дәрістің негізгі мақсаты – студенттердің психологиялық сауаттылығын арттыру, суицидтік мінез-құлықтың алдын алуға түсінік қалыптастыру. Сондай-ақ, дағдарыстық жағдайларды ерте тану дағдыларын дамыту және психолог мамандардың көмегіне жүгіну мәдениетін нығайту.
Қоғамдық дәріс оқыған психиатр әрі психотерапевт Сергей Скляр болашақ психолог-педагогтарды толғандырған сұрақтарға кәсіби әрі нақты мысалдар арқылы тұшымды жауап берді. Ол адамдарды суицидке итермелейтін себептерді, әрекеттің мотиві мен мәнін егжей-тегжейлі түсіндіріп, осы тақырып төңірегінде қоғамда кең тараған бірқатар мифтерді жоққа шығарды. Оның пікірінше, адамды шектен тыс әрекеттерге итермелейтін негізгі факторлардың бірі – қате ойлардың жетегінде кету, жағдайды объективті бағалай алмау. Белгілі бір оқиғаға қатысты жаңсақ ой қалыптасса, бұл психоэмоционалдық күйдің ушығуына әкелуі мүмкін.
Сергей Скляр суицидтік ойлар көбіне әлсіздіктің белгісі емес, керісінше көмекке шақыру сигналы екенін айтады. Мәселені дер кезінде тану, ашық айту және кәсіби қолдауға жүгіну – алдын алудың ең тиімді жолы.
– Әркім әлемді әртүрлі қабылдайды, яғни әр адамның санасында өзіндік виртуал әлемі бар. Сол себепті болған оқиғаға әркім өз ойында әрқалай көзқарас қалыптастырады. Педагогтың міндеті – тек білім беру емес, ойлауды үйрету. Оқушыға дүниені әр қырынан қарауды, әртүрлі жолмен пайымдай білуді үйрету маңызды. Тек сол кезде ғана адамға шынайы көмек көрсете аламыз, – дейді Сергей Скляр.
Қоғамда психолог пен психотерапевтке жүгіну әлі де «ұят» немесе «біртүрлі» әрекет ретінде қабылданатын көзқарастар бар. Алайда мұндай кездесулер осы қате түсініктерді жоюға, психикалық денсаулықты жалпы адам денсаулығының ажырамас бөлігі ретінде қабылдауға ықпал етеді.
Мұндай қоғамдық дәріс – суицидтің алдын алудағы маңызды қадам. Өйткені жастар арасындағы психологиялық саулықты нығайту, өзара қолдау мен сенімді орта қалыптастыру – бүгінгі қоғам үшін стратегиялық маңызға ие.
«Abai University» медиа орталығы