02.02.2026
«ABAI UNIVERSITY» ГАЗЕТІ – ТҰҢҒЫШ УНИВЕРСИТЕТ ШЕЖІРЕСІ
Бүгін ұлттық баспасөз күні. Бұл – сөздің салмағын сезінетін, ұлттық сөз өнеріне тағзым жасайтын мәнді күн. Ел руханиятына қызмет етіп келе жатқан баспасөз өкілдерінің еңбегін елеу ғана емес, қоғамдағы басылымның орнын пайымдайтын сәт. Ғалым, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген сөзі уақыт өткен сайын өз маңызын жойған емес. Солардың ішінде талай тарлан түлеп ұшқан Абай атындағы ҚазҰПУ-дың ұжымдық баспасөзі – «Abai University» газеті де бар.
Абай атындағы ҚазҰПУ-да 1975 жылы
«Педагог» деген атаумен шыққан газет – сол кезеңдегі оқу орнының ақпарат
жаршысына, тұтас педагогикалық қауымның үніне айналған еді. Бұл басылым – университеттің
тыныс-тіршілігін ғана емес, ұстаз бен шәкірттің ой әлемін, ғылым-білімдегі
ізденістерді, әр кезеңнің өзекті сауалдарын басылым бетіне түсіріп келді.
Педагог газетінің алғашқы
редакторы Төкен Әбдірахманов болған. Ол газетті ақпарат көзіне айналдырып қана
қоймай, өзіндік ойы мен бағыты, үні бар басылым деңгейіне көтерді. Одан кейінгі
жылдары басылымның редакторы қызметін Жасарал Қуанышалин, Дос Көшім сынды
азаматтар атқарды. Айта кетерлігі, газеттің студенттер шығармашылығына
бағытталған «Көкжиек» қосымшасы да жарық көрген. Мұнда Абай университетінің
шығармашыл жастары сүбелі сұхбаттар мен көлемді мақалаларын, өлеңдері мен
көркем-суреттерін жариялаған.
Егемендік алып, ел еңсесін
тіктеген соң жабылып қалған газет 2002 жылы «Абай университеті» атауымен қайта
шыға бастады. 2008 жылдан бері университеттің түлегі, ақын Болат Шарахымбай
газеттің бас редакторы қызметін атқарып келеді. Газеттің ішінде жастарға
арналған «Студенттер күнделігі» қосымшасы жарық көріп, студенттік өмірді,
жастар шығармашылығын насихаттады. Қосымша білім алушылар арасында сұранысқа ие
болып, университеттің тыныс-тіршілігіне терең бойлады. Талантты студенттерді
біріктірген «Жас қалам» шығармашылық ұйымы шығарған қосымша жастардың әдебиет
пен журналистикаға деген ынтасын оятып, сансыз дарынның жолын ашты. Бүгінде сол
«Жас қалам» мектебінен түлеп ұшқан бірқатар жастар қазақ әдебиеті мен
журналистикасында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып, ұлттық руханияттың дамуына
үлес қосып келеді.
«Абай университеті» газеті әр
кезеңде заман талабын дөп басып, мазмұны мен форматын уақытпен бірге жаңартып
отырды. Газет беттерінде көрнекті ғалымдардың мақалалары, тәжірибелі
ұстаздардың тағылымды жазбалары, жас зерттеушілер мен студенттердің тың
ізденістері жарияланып тұрады. Шын мәнінде, «Абай университеті» газеті –
университет тарихының қағаз бетіне түскен шежіресі ғана емес, жастардың өз пікірін
ашық айтуға, ғылым мен қоғамдық мәселелерге үн қосуға шақыратын басылым.
Қазіргі таңда ақпараттық кеңістік
жаңарып жатыр. ХХІ ғасыр – технология мен жасанды интеллект заманы. Дегенмен
уақыт өзгерсе де, сөздің салмағы өзгермейді. Ал ойы терең, мақсаты айқын, рухы
бар басылым әрқашан өз оқырманын табады. Бүгінде «Abai University» медиа орталығы
құрамына кіретін «Abai University» газеті алдағы уақытта жаңа мазмұнда, соны
дизайн, тың идеямен мазмұнды дүниелер ұсына бермек.
«Abai University» медиа орталығы