02.02.2026
ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ МӘСЕЛЕЛЕРІ СӨЗ БОЛДЫ
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы-Ректоры Болат Тілеп қасиетті қара шаңырақ студенттерімен ашық әңгімелесу форматында кездесу ұйымдастырды. Емен-жарқын пікір алмасқан бұл кездесудің негізгі мақсаты – қоғамда қызу талқыланып жатқан жаңа Конституция туралы түсіндіру, студенттердің пікірін тыңдау, оқу үдерісіне және университет өміріне қатысты ұсыныс-тілектерін талқылау болды.
Еркін форматта
өткен жиында білім алушылар қоғамның назарын аударған жаңа Конституция
жөнінде көкейде жүрген сауалдарына жауап алды. Сонымен қатар, мемлекеттік білім
гранттары, академиялық білім сапасы және жоғары оқу орнының
инфрақұрылымына қатысты өз сұрақтарын қоюға мүмкіндік берілді. Қолжетімді интернет, студенттерге жайлы жағдай жасау,
білім беру жүйесінің тиімділігін арттыру мәселелері де назардан тыс қалмады. Абай
атындағы ҚазҰПУ Басқарма Төрағасы-Ректор елдегі конституциялық реформаларға
қатысты ойын жеткізді. Оның айтуынша, Конституцияға енгізілетін өзгерістер
– қоғам дамуының заңды үдерісі.
– Өзгермейтін
Конституция жоқ. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, барлық елдерде Конституция уақыт
талабына сай жаңарып отырған. Конституцияға әзірге 84
пайыз түзету енгізіліп, 77 ұсыныс қарастырылды. Бұл – ауқымды әрі маңызды
жұмыс. Президенттің айтуынша, бұл өзгерістер жаңа Конституция қабылдаумен тең. Осының себебінен жаңа Конституцияның мәтіні ұсынылды. Алдағы 30–50
жылға арналған берік құқықтық негіз қалыптасады деп ойлаймын, – деді Болат Анапияұлы.
Келелі жиында еліміздегі қоғамдық-саяси өзгерістермен қатар, университеттің
даму стратегиясының басым бағыттары да сөз болды. Жасанды интеллект дәуіріндегі
педагогикалық қызметтің трансформациясы, еңбек нарығындағы орны жайында айтылды.
Университет ректоры
Болат Тілеп студенттерді ашық пікір алмасуға шақырып, университеттің тарихи
маңызы мен оқу орнындағы үнемі жаңару қажеттігін атап өтті.
– Университет –
тірі ағза. Қатып қалған оқу бағдарламалары болмайды. Біз үнемі дамып, жаңарып
отыруымыз керек. Уақыттарыңыздың жартысы осы білім ордасында өтеді. Сондықтан
оқу процесіне, университет өміріне қатысты көкейде жүрген мәселелеріңіз болса,
жасырмай айтыңыздар. Біз сіздердің ұсыныстарыңызды ескеру үшін осы кездесуді ұйымдастырдық, – деді ректор.
Кездесу ашық
диалог форматында
өтіп, студенттер жаңа Конституция туралы толық мағлұматтар алды. Оларға университет
басшылығына өз ойларын еркін жеткізуіне мүмкіндік берілді.
«Abai University»
медиа орталығы