30.01.2026
АЙТЫС ӨНЕРІНЕ АРНАЛҒАН ШЕБЕРЛІК САБАҚ ӨТТІ
Бүгін Абай университетінде айтыс өнерінің көрнекті өкілі, белгілі ақын,
ұлағатты ұстаз, Қазақстан Жазушылар одағы және Айтыс ақындары мен
жыршы-термешілердің халықаралық одағының мүшесі Даубай Мамытұлы шеберлік
сабағын өткізді. Шеберлік сабақтың мақсаты – болашақ өнер иелерінің айтыс
техникасын жетілдіру, суырыпсалмалық қабілеттерін дамыту, сахналық мәдениет пен
сөз саптау шеберлігін арттыру.
Даубай Мамытұлы бүгінгі қоғамдық дәрісінде айтыс өнерінің қыр-сырымен
бөлісіп, суырыпсалмалық өнерді дамыту, сахна мәдениетін қалыптастыру бағытында
мазмұнды ойларын ортаға салды. Атап айтқанда, мақам ерекшеліктері, музыкалық
аспап пен дауыс үйлесімін табу, сахнада өзін еркін ұстау, тіл тазалығы мен сөз
мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне ерекше тоқталды. Айтыс кезінде ұлттық
болмысты сақтау, дәстүр мен заманауи талаптарды ұштастыра білу, көрерменмен
рухани байланыс орнатудың маңызы жөнінде құнды ойлар айтты.
– Айтыс – халықтың аманаты. Ақын сахнаға шыққанда тек өз атынан емес,
артында тұрған елінің, жерінің, рухының атынан сөйлейді. Сондықтан айтыскер ең
алдымен сөзге адал, ойға терең, ниетке таза болуы керек», – дейді Даубай Мамытұлы.
Іс-шара соңында Оразалы Досбосынов атындағы жас ақындар орталығының
жетекшісі Айтуған Жетебаев мазмұнды қоғамдық шеберлік сабағы үшін Даубай
Мамытұлына Басқарма Төрағасы-Ректордың атынан алғыс хат табыстады. Тағылымды
кездесуге белгілі журналист, ақын Кенже Оразай, журналист, мұқағалитанушы Ахмет
Елеусіз, тарихшы-этнограф, әдебиеттанушы Нұрлан Сәрсенбаев арнайы қонақ ретінде
қатысты. Олар айтыс өнерінің ұлттық рухты сақтаудағы маңызы, сөз құдіреті,
әдебиет пен журналистиканың сабақтастығы жөнінде ой-пікірлерін ортаға салып,
студент жастарға тағлымды кеңестер берді.
Айта кетейік, Даубай Мамытұлы – университет түлегі, айтыс өнерінің
ақтаңгері, от ауызды, орақ тілді ақын Оразалы Досбосыновтың ұстазы. Ол бала
кезінен-ақ Оразалыны танып, шығармашылық тұрғыдан қалыптасуына ықпал етіп, оның
үлкен сахнаға шығуына бағыт-бағдар берген. Сонымен қатар, Жұматай Оспанұлы,
Бақыт Жағыпар сынды елге танымал ақындардың да ұстазы.
Бүгінде Даубай Мамытұлы – Мәдениет саласының үздігі, «Ақтаңгер»
стипендиясының иегері. Ол ұлттық өнерді насихаттап, жас ұрпақтың бойына рухани
құндылықтарды сіңіру жолында тынбай еңбек етіп келеді.
«Abai University» медиа орталығы