ҒЫЛЫМИ КЕҢЕСТІҢ КЕЗЕКТІ МӘЖІЛІСІ ӨТТІ

Бүгін Абай университетінде Ғылыми кеңестің кезекті мәжілісі өтті. Жиынды университеттің Басқарма төрағасы-Ректоры Болат Тілеп жүргізді. Мәжілісте университеттің 2025-2026 оқу жылының екінші жартыжылдығына арналған және ұзақ мерзімді даму басымдықтарына қатысты стратегиялық маңызы бар мәселелер қаралды.

 

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша Академиялық қызмет жөніндегі проректор Бану Нарбекова 2025-2026 оқу жылының қысқы емтихан сессиясының қорытындыларына жан-жақты талдау жасады. Отырыста білім алушылардың академиялық көрсеткіштері, оқу жетістіктері мен білім сапасын арттыру тетіктері кеңінен талқыланды. Талқылау нәтижесінде академиялық процестерді жетілдіру, ішкі нормативтік құжаттарды жаңарту, емтихан материалдарының сапасын арттыру, тест тапсырмаларын жетілдіру және ақпараттандыру жұмыстарын күшейту жөнінде нақты тапсырмалар жүктелді.

 

Мәжілісте Стратегия және интернационалдандыру жөніндегі проректор Айгүл Искакова университеттің 2023–2029 жылдарға арналған Даму бағдарламасының 2025 жылы жүзеге асырылу барысы туралы есеп берді. Баяндамада университетті ұлттық педагогикалық зерттеу университетіне трансформациялау, жол картасының орындалуы, ғылыми инфрақұрылымды дамыту, халықаралық жобаларға қатысу және ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру бағыттарындағы жұмыстар қамтылды. Ғылыми кеңес университеттің 2029 жылға дейінгі стратегиялық мақсаттарын жүйелі түрде іске асыруды қолдады.

 

Келесі мәселе аясында Кәсіби бағдар беру және мансапты дамыту департаментінің директоры Алмас Найманбаев кәсіби бағдар беру жұмыстарының барысын және орта білім беру ұйымдарымен серіктестікті кеңейту бағыттарын таныстырды. Кеңес мектептермен бірлескен іс-шараларды, оның ішінде семинарлар, ашық есік күндері мен тәжірибе алмасу алаңдарын ұйымдастыруды, жергілікті атқарушы органдармен өзара ынтымақтастықты нығайтуды және 2026-2027 оқу жылына арналған талапкерлерді тарту жоспарын бекітті. Сондай-ақ Өнер факультетінің деканы Кәрім Байғұтов факультеттің академиялық саясатын жетілдіруге бағытталған жаңа бастамаларды таныстырды. Кеңес жаңа білім беру бағдарламаларын енгізу, шығармашылық мектептермен жұмыстарды кеңейту, студенттердің практика портфолиосын цифрландыру және Figma, Procreate, CLO 3D, Blender сынды заманауи шығармашылық бағдарламалар бойынша шеберлік сыныптарын ұйымдастыру жөніндегі ұсыныстарды мақұлдады. Сонымен қатар, халықаралық дерекқорлардағы ғылыми жарияланымдар санын арттыру міндеті қойылды.

 

Дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық факультетінің деканы Ернар Оспанқұлов факультеттің ғылыми-әдістемелік әлеуетін арттыруға бағытталған жұмыстар туралы баяндады. «Дене шынықтыру» бағыты бойынша жаңа оқу бағдарламаларын әзірлеу, «SPORTTYQ BILIM & GYLYM» ғылыми журналының мәртебесін көтеру, халықаралық ғылыми базалардағы жарияланымдарды көбейту, гранттық жобаларды дамыту және докторанттардың ғылыми қызметін қолдау құпталды.

 

Ғылыми кеңес отырысында бірқатар білім беру бағдарламалары бойынша PhD дәрежесіне ие болған жас ғалымдар салтанатты түрде марапатталғанын айта кету керек. Атап айтқанда, Байхожаева Гүлжаухар Мажитовна («Биология»), Арын Ержан Омарұлы («Лингвистика»), Мусахан Рыскүл Мырзаханқызы («География»), Хорғасбай Еңлік Тохполатқызы («География»), Набиев Вакиль Гусейнович («Саясаттану») және Юсупов Куанышбек Есенбекович («Әлеуметтану») PhD дәрежесіне ие болып, Болат Анапияұлы ресми түрде құттықтады.

 

Мәжіліс қорытындысында күн тәртібіндегі барлық мәселе бойынша тиісті шешімдер қабылданып, нақты тапсырмалар бекітілді.

 

«Abai University» медиа орталығы