29.01.2026
ҰЛТАРАЛЫҚ КЕЛІСІМ ТУРАЛЫ ҚОҒАМДЫҚ ДӘРІС ӨТТІ
Бүгін Абай университетінде халықаралық қатынас мәселелері бойынша сарапшы, университет түлегі Жандос Каринбаев «Ұлтаралық келісім: қазақ-поляк қатынастарына экскурс» тақырыбында қоғамдық дәріс оқыды. Қоғамдық дәріске Польшаның Алматы қаласындағы Бас консулы Дариуш Шевчык, вице-концул Павель Недзвеуцский, университеттің оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттер қатысты.
TEDx стилінде өткен дәрісте қазақ-поляк
қатынастарының тарихынан 35 қызықты дерек келтіріліп, екі халық арасындағы
тарихи, мәдени, ғылыми және тұлғалық байланыстар тың деректермен негізделді. Жандос
Каринбаев өз сөзінде «Қазақстан поляктары: қалыптасу тарихы мен бүгіні»
еңбегіне және Марғұлан Баймұханмен бірлесіп жазған «Қазақ-поляк байланыстарының
тарихы танымал тұлғалардың мысалында» атты іргелі кітабына шолу жасады. Қоғамдық
дәріс барысында зерттелген тұлғалар галереясында Адольф Янушкевич, Густав
Зелинский, Шоқан Уәлиханов, Бронислав Залесский, Ян Козелл-Поклевский, Северин
Гросс, Қажымұқан Мұңайтпасұлы, Мұстафа Шоқай, Александр Затаевич, Александер
Ват сынды көрнекті қайраткерлер туралы мысалдар қамтылған.
– Қазақ-поляк қатынастарының тарихы
екі халықтың тағдырлы кезеңдерімен тығыз сабақтас. Бұл байланыстар тек саяси
деңгейде ғана емес, ғылым, мәдениет, білім беру және тұлғалық қарым-қатынастар
арқылы қалыптасты. Қос халықтың көрнекті өкілдері арасындағы өзара
ықпалдастықты зерттеу ұлттық бірлікті нығайтып, этносаралық келісімді терең
түсінуге мүмкіндік береді. Бүгінгі дәрістің басты мақсаты – тарихи тың деректер
негізінде ғылымды, ұлттық бірлік пен берік этносаралық қатынастарды насихаттау,
– деді халықаралық қатынас
мәселелері бойынша сарапшы Жандос Каринбаев.
Бүгінгі дәріс ел Тәуелсіздігіне 35
жыл, Қажымұқан Мұңайтпасұлына 155 жыл, Густав Зелинскийдің «Дала» поэмасының
жарық көргеніне 170 жыл және поляктардың Қазақстанға жер аударылғанына 90 жыл сынды
тарихи даталарға орайластырылды. Айта кетейік, Жандос Каринбаев Абай атындағы
ҚазҰПУ-дың Тарих факультетін 2004 жылы тәмамдаған. Қазіргі таңда, Мемлекеттік
басқару академиясының доценті, Польшаның «Bene Merito» Құрмет белгісінің иегері.
Дәріс барысында Абай университеті Түлектер қауымдастығының жетекшісі Болатбек Нұрбатыров Жандос Каринбаевты Түлектер қауымдастығының ресми мүшелігіне қабылдап, арнайы сертификат ұсынды. Сонымен қатар, Әлеуметтік даму жөніндегі проректор Мақсат Жақау мазмұнды қоғамдық дәріс үшін Басқарма Төрағасы-Ректордың атынан алғыс хат табыстады.
«Abai University» медиа орталығы