ПОЛЬША РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КОНСУЛДЫҒЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Бүгін Абай университетінде Польшаның Алматы қаласындағы Бас консулы Дариуш Шевчык және вице-концулы Павель Недзвеуцскиймен кездесу өтті. Іс-шара екіжақты ынтымақтастық пен білім беру саласындағы стратегиялық байланыстарды арттыруға бағытталды. Польша Республикасының жоғары оқу орындарымен бірлескен білім беру бағдарламаларын дайындау және академиялық ұтқырлық мәселелері талқыланды.


Польша мемлекеті біз үшін аса таңсық емес. Мәселен, осыған дейін Абай университетінің 200-ден астам білім алушысы академиялық ұтқырлық бағдарламасымен Польша Республикасында оқып келген. Университет ғалымдары ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып, екі докторлық диссертация қорғалды. Бүгінгі кездесуде жоғары білім беру саласындағы серіктестікті одан әрі дамыту мәселелері кеңінен талқыланды. Оның ішінде ғылыми тарих мамандығы бойынша және арнайы педагогика бағыттарында қос дипломды білім беру бағдарламаларын дайындау қарастырылды.


Еліміздің жоғары білім беру саласында Польшаның Боллон жүйесі 2010 жылдан бастап енгізілген. Бұл жүйе – білім беру сапасын арттырып, студенттердің білім алу құқығын қамтамасыз етуде. Жиын барысында Абай университетінің Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Бану Нарбекова Боллон жүйесінің тиімділігін тілге тиек етті. Сонымен қатар, университетте поляк тілін оқыту кафедрасын құру мәселелерін қозғады. Қарашаңырақтың алдағы уақытта зерттеу универсиетіне айналу миссиясын алға тартып, екі жақты ынтымақтастықты арттыруды сөз етті.


– Алдағы уақытта арнайы педагогикалық мамандықтарда Польша елімен бірлескен қосдипломды білім беру бағдарламасын дайындау көзделіп отыр. Сондай-ақ, университетімізден поляк тілін оқыту орталығын немесе кафедра құрып, жоғары білім беру саласында стратегиялық байланысты арттырсақ. Бұл – біздің студенттерге шетелдік үздік университеттермен тәжірибе алмасып, білім алуға мол мүмкіндік береді, – деді проректор.


Бас консул Дариуш Шевчык өз кезегінде жоғары оқу орнының бастамаларын қолдайтынын жеткізді. Польша Республикасы тарапы жағынан оқытушы-профессорлардың академиялық тәжірибе алмасу бойынша елімізге келуге қызығушылығы басым екенін айтты.


– Біздің бірнеше оқытушымыз академиялық алмасумен Қазақстанда жүр. Осы бағытта Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ынтымақтастықты арттыруға бағытталған тың жобаларына қуана-қуана қолдау білдіремін. Себебі, бұл жобалардың болашақ білікті мамандарды халықаралық деңгейде дайындауға ықпалы өте зор деп сенемін, – деді Бас консул.


Кездесу екіжақты ілкімді істерді бастауға, халықаралық стратегиялық жобаларды жүзеге асыруға септігін тигізері сөзсіз. Қос тарап ғылым-білім саласындағы ынтымақтастықты артырып, бірлескен бағдарламаларды дайындауға уағдаласты. Қатысушылар болашақта қазақ-поляк студенттерінің жаңа мамандықтар бойынша академиялық ұтқырлықпен білім алуға мүмкіндік аларына сенім білдірді.

 

«Abai University» медиа орталығы