МИФТІК КОД КӨРМЕСІ – ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ АЙҒАҒЫ

 

Бүгін Абай университетінде «Мифтік код: линографика, литография және офорт» атты көрменің тұсауы кесілді. Өнер факультетінің қабырғаларына студенттердің шығармашылық туындылары ілінді. Олар бүгінгі таңда ұмыт бола бастаған сурет өнерінің линографика, литография және офорт жанрларында салынған. Бұл көрме – студенттерге теория мен тәжірибені ұштастыруға мүмкіндік береді.


Қазақ халқының ауыз әдебиетінде көнеден бүгінге жеткен аңыз әңгімелер мен жыр-дастандар, ертегілер өте көп. Олардың көш басында Қорқыт, Асан қайғы жайлы аңыз әңгімелер болса, Ер Төстік, Қобыланды батыр, Қыз Жібек туралы аңыз ертегілер де бар. Көркем-сурет саласында осындай аңыздарды бейнелі түрде оқырманға жеткізетін линографика, литография және офорт жанрлары қалыптасқан. Дегенмен қазіргі дамыған технология дәуірінде аталған жанрлар ұмытыла бастады. Бұл жанр түрлері қазірде тек Абай атындағы ҚазҰПУ-да ғана оқытылады.


Өнер факультетінің студенттері ұмыт бола бастаған жанрды қайта тірілтіп, шығармашылық туындыларын көрмеге қойды. Мифтік код көрмесінде ұлттық таным-түсініктегі аңыздарды бүгінгі заман тұрғысынан бейнеленген. Оқу бағдарламасында өтетін теориялық білімді тәжірибеге айналдыра отырып өнер туындысын жасаған студенттер алғыс хаттармен марапатталды.


– Бұл көрме – биылғы жыл басындағы алғашқы көрме. Графикалық дизайн мамандығында білім алушылардың бейнелеген туындыларын көре аламыз. Соның ішінде көркем-суреттің линографика, литография және офорт жанрында салынған суреттер. Біздің ұлттық дүниетанымдағы аңыздарды бейнелеу өнерінде осындай жанрда жеткізетін. Сондықтан, теориялық ғана емес, тәжірибелік тұрғыдан меңгеруі көңіл қуантады. Көрмеге қатысушы студенттер мен жетекші ұстаздарға шығармашылық табыс тілеймін, – деді Өнер факультетінің деканы Кәрім Әлімханұлы.


Айта кетейік, Абай университетінде Өнер факультеті өткен ғасырдың 70-жылдары Көркем-сурет факультеті болып ашылған. Жарты ғасырдан астам уақыт ішінде қарашаңырақта елімізге танымал суретшілер мен өнер қайраткерлері білім алды. Қазіргі таңда, отандық бейнелеу өнерінде қалыптасқан кәсіби мектепке айналды. Жалпы саны 900-ге жуық студент қарашаңырақта білім алып, ел мәдениетін дамытуда, өнер салаларында педагогикалық қызмет еңбек сіңіріп келеді.

«Abai University» медиа орталығы