КИБЕРҚЫЛМЫС ПЕН ДРОППЕРЛІК ТУРАЛЫ ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРІП ЖАТЫР


Абай университетінде «Заң және тәртіп» республикалық акциясы аясында ақпараттық-түсіндіру іс-шарасы жүруде. Оны университет басшылығы мен Алматы қаласы Полиция департаменті бірлесіп жүргізіп отыр.


Кездесу университеттің бірнеше аудиториясында рет-ретімен өткізіліп жатыр. Аталған іс-шараға 1500-ге жуық білім алушы қатысып, оларға киберқылмыс түрлері, интернет-алаяқтық, қаржылық қауіпсіздік, дропперлік әрекеттер, сондай-ақ олардың құқықтық салдары жөнінде жан-жақты мәліметтер берілуде. Үгіт-насихаттық жұмыста интернет кеңістігіндегі өзекті қауіп-қатерлер, алаяқтардың жиі қолданатын айла-тәсілдері, жеке деректерді қорғау жолдары, заңсыз қаржылық операцияларға қатысудың салдары нақты өмірлік мысалдар арқылы түсіндірілді. Студенттерге интернет ресурстарын қауіпсіз пайдалану, күмәнді сілтемелер мен ұсыныстардан сақтану, жеке және қаржылық ақпаратты қорғау бойынша маңызды кеңестер берілді.


Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда дропперлік әрекеттер киберқылмыстың ең қауіпті түрлерінің бірі. Көп жағдайда жастар өздерінің заңсыз әрекетке қатысып жатқанын толық түсінбей, үшінші тұлғалардың өтінішімен банк картасын, есепшотын немесе жеке деректерін пайдалануға береді. Алайда мұндай әрекеттер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескеру қажет.


– 2025 жылдың 16 қыркүйегінен бастап Қылмыстық кодекске дропперлік үшін жауапкершілікті көздейтін 232-1-бап енгізіліп, банк шотына, төлем немесе сәйкестендіру құралдарына заңсыз қол жеткізу, оларды беру немесе алу, сондай-ақ заңсыз төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру, оның ішінде материалдық сыйақы үшін үшінші тұлғаларға банк картасын беру дропперлік әрекеттер ретінде заңмен қатаң жауапкершілікке тартылатыны белгіленді. Осыған байланысты әрбір азамат жеке және қаржылық деректерінің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарап, күмәнді ұсыныстардан бас тартуы тиіс» , – дейді Алматы қаласы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының өкілі, полиция лейтенанты, жедел уәкіл Айбатыр Бауыржанұлы.


Кездесу интерактивті форматта өтіп, студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға полиция тарапынан толық әрі түсінікті жауаптар берілді. Құқықтық сауаттылықты арттырудың, заң талаптарын сақтаудың және саналы азаматтық ұстаным қалыптастырудың маңыздылығы ерекше аталды. Аталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алуға, киберқауіпсіздік бойынша сауаттылықты арттыруға және жеке жауапкершілікті нығайтуға бағытталып отыр.


Айта кетейік, «Заң және тәртіп» акциясы аясындағы ақпараттық-түсіндіру кездесулері 29 қаңтарға дейін жалғасып, университеттің барлық факультеттерін қамтиды.

 

«Abai University» медиа орталығы