АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ – БАС ЖҮЛДЕ ИЕГЕРІ

2026 жылдың 23 қаңтарында Шымкент қаласында Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының Шымкент қаласы бойынша филиалы мен Қаратау дәстүрлі өнер мектебінің ұйымдастыруымен «Жеребенің жүйрігі» атты дәстүрлі республикалық жас ақындар айтысы өтті.


Айтыс – қазақ халқының рухани дүниесіндегі ең асыл, ең биік өнердің бірі. Ол тек сөз сайысы ғана емес, халықтың болмысын, мінезін, тарихы мен тағдырын, қуанышы мен мұңын, арман-аңсарын айна-қатесіз бейнелейтін ұлы рухани құбылыс. Ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып жеткен осы өнердің бүгінгі жас буын санасында берік орны бар екенін бұл республикалық жас ақындар айтысы айқын көрсетті. Сондай-ақ, жас ақындардың шығармашылық әлеуетін арттырып, ұлттық айтыс өнерін насихаттауға бағытталған маңызды мәдени жобалардың бірі екенін тағы бір мәрте айқындады.


Еліміздің әр өңірінен іріктеліп келген 12 жас ақын сөз додасына түсіп, ұлттық өнердің терең тамырын, суырыпсалмалық дәстүрдің өміршеңдігін көрерменге кеңінен паш етті. Айтысқа қатысқан ақындардың өнеріне айтыс өнерінің белгілі өкілдері – Бөрібай Оразымбетов, Біржан Байтуов, Қажымұқан Абзалов қазылық етіп, өз бағаларын берді.


Тартысқа толы өткен өнер сайысының қортындысында бас жүлдені Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 1-курс студенті, Оразалы Досбосынов атындағы жас ақындар орталығының шәкірті Зарина Оңғарқызы иеленді. Жас ақын өзінің тапқырлығы мен ой тереңдігін, суырыпсалмалық шеберлігін айқын танытып, көпшілік ықыласына бөленді.


Айтыс нәтижесі бойынша жүлделі орындар төмендегідей болды:

Бас жүлде – Зарина Оңғарқызы (Алматы қаласы) – 100 000 теңге;

I орын – Нұрмахан Жақыпбек (Шымкент қаласы) – 70 000 теңге;

II орын – Жақып Мейіржан (Қызылорда облысы) – 50 000 теңге;

III орын – Исламәли Біржанұлы (Түркістан облысы) – 40 000 теңге.


Сонымен қатар, айтысқа қатысқан барлық жас ақындарға шығармашылық ізденісіне қолдау ретінде 30 000 теңгеден ынталандыру сыйақысы табысталды.


Айта кетейік, «Жеребенің жүйрігі» республикалық жас ақындар айтысының басты ерекшелігі – қатысушылардың алдын ала жұпталмай, сахнада жеребе арқылы өз қарсыластарын анықтады. Олимпиадалық жүйе негізінде бағаланатын бұл формат жас ақындардың тапқырлығын, жылдам ойлау қабілетін және суырыпсалмалық шеберлігін шыңдайтын үлкен шығармашылық мектеп.

 

«Abai University» медиа орталығы