РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК БІРЛЕСТІК МӘЖІЛІСІ ӨТТІ

Абай университетінің өкілдері «Аймақтық басқару кадрларының құзыреттілігін қалыптастыру» тақырыбында өткен Оқу-әдістемелік бірлестіктің кеңейтілген мәжілісіне қатысты. Мәжілісте жоғары оқу орындарының басқару бағытындағы білім беру бағдарламаларын жаңғырту мәселелері талқыланды. Болашақ мамандардың кәсіби құзыреттілігі мен заманауи біліктілігін қалыптастыру туралы ұсыныстар айтылды.


Кеңейтілген мәжіліске Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова, «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринова, сондай-ақ Абай университетінен Академиялық қызмет жөніндегі проректоры Бану Нарбекова, РОӘК жанындағы ОӘБ-ның ғалым хатшысы Жанна Жусупова, «Менеджмент» кафедрасының оқытушы-профессор қауымы қатысты.


Вице-министрі Гүлзат Ізбасарқызы жоғары білім беру жүйесіндегі басқару кадрларын даярлау мен олардың құзыреттілігін арттыруға қатысты өзекті мәселелерге тоқталды. Жоғары білім беру жүйесінде басқару бағытындағы білім беру бағдарламаларын жаңғырту бойынша «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы ұсынған жобалар таныстырылды.


Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Академиялық қызмет жөніндегі проректоры Бану Мұхатайқызы жаңа жобалардың практикалық маңыздылығын атап өтіп, нақты ұсыныс білдірді. Атап айтқанда, Саяси менеджмент академиясының модульдік бағдарламаларын кеңейту немесе minor бағдарламалар ретінде пайдалану мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Сонымен қатар, ЖОО-лармен бірлесіп лекторлық-тренерлік корпусты қалыптастыру және білім беру бағдарламаларын бірлесіп сынақтан өткізіп, тиімділігі мен мазмұнын жаңарту үшін жүйелі әріптестік орнатуды алға тартты.


Аталған ұсыныстар жоғары білім беру мазмұнын еңбек нарығына сай бейімдеуге және басқару саласына қажетті кадрлардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға бағытталған. Университеттің стратегиялық дамуына ықпалын тигізіп, жоғары оқу орындары арасындағы академиялық ынтымақтастықты нығайтуды көздейді. Абай университеті алдағы уақытта да ұлттық деңгейдегі стратегиялық бастамаларды қолдап, білім беру бағдарламаларын дамытуға үлес қоса бермек

 

«Abai University» медиа орталығы