23.01.2026
АЛМАТЫ ҚАЛАСЫН ДАМЫТУ БОЙЫНША ЖАС ЗЕРТТЕУШІЛЕРМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Абай университетінде Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов Алматы қаласын дамыту бойынша жас ғалымдармен кездесу өткізді. Іс-шараға қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Аралбаев, Жастар саясаты басқармасы басшысының орынбасары Мирас Нысаналиев және университеттің басқарма мүшелері мен зерттеушілер қатысты. Алатаудың бөктеріндегі ару қаланың білім беру жүйесін дамыту жөнінде жобалар таныстырылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздегі ең ірі мегаполисті дамыту, қаланың инфраструктуралық және білім беру жүйесіндегі мәселелерін шешу әкімдік тарапынан басты назарда қаралып келеді. Осыған орай Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенұлы Абай университетіне арнайы келіп, жас ғалымдардың тың жобаларымен жан-жақты танысты. Әкімдік қызметкерлеріне зерттеушілер тарапынан мегополисті дамытуда көлік, экология, жол қауіпсіздігі және инклюзивті білім беру бағытындағы ғылыми жобалар ұсынылды.
– Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті – еліміздегі тұңғыш жоғары оқу орны. Қазақ білім-ғылымының қарашаңырағы Алматы қаласында орналасқаны біз үшін де мәртебе. 100 жылдық мерейтойға үкіметтік деңгейде дайындық жұмыстары басталып та кетті. Сондықтан, университеттің инфрақұрылымын дамытуға, ғылыми әлеуетін артыруға қалалық әкімдіктен қолдау көрсетуге дайынбыз. Сонымен қатар, Алматыдағы білім беру саласының инфрақұрылымын дамытуға, жалпы қаланы өркендетуге бағытталған ғалымдардың тың жобаларымен танысуға келдім. Қалалық әкімдік жанынан ғылыми кеңес құрылып, мегополистің тұрақты дамуына ғылыми ұсыныстар қарастырылады, – деді қала әкімінің орынбасары.
Абзал Нүкенұлына университеттің ғылыми әлеуеті мен статистикалық көрсеткіштері, білім алушылардың контингенті, жүзеге асырылып жатқан ғылыми жобалар мен бағдарламалар жоспары таныстырылды. Соның ішінде Алматы агломерациясындағы шағын қалаларды дамытуда шетелдік тәжірибелер сарапқа салынып, транспорттық хаб және қызмет көрсету сапасына бейімдеу басымдықтары айтылды. Мегополисті жасыл қалаға айналдыруға бағытталған экологиялық ғылыми жобада органикалық қалдықтарды қайта өңдеу арқылы биогумус өндіру әдіс-тәсілдері көрсетілді. Жобаларда экологияны қорғаумен қатар, экономикалық тиімді шешімдер ғылыми тұжырымдармен ұсынылды.
Сондай-ақ, жол құрылысының сапасын арттыруға бағытталған «Құм-топырақты жыныстардан мұнайды бөлуге арналған жылжымалы реактор» жобасы таныстырылды. Германия бизнесмендерінің қызығушылығын танытқан жобада резеңке ұнтақтары мен құрамында полимері бар қалдықтардан +40 градусқа шыдайтын шикізат алу тәсілдері қарастырылған. Мұндай технология арқылы жол сапасын арттырып, жарамдылық мерзімін ұлғайтуға болады. Бұл технология өндірістік және экологиялық қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік береді. Абзал Нүкенұлын университеттегі жасанды интеллект бағытында атқарылып жатқан жобалар ерекше қызықтырды.
Айта кетейік, қазіргі таңда Абай университетінде 550-ден астам докторант, 1,5 мыңға жуық магистрант білім алып жатыр. Жалпы 100-ден астам ғылыми жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде 54 жобаны ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі қаржыландырады. Ғылыми жобалар білім беру, экология, жасанды интеллект және жаңа технологияға бағытталған. Университеттің ғылыми әлеуетін арттыруға айрықша назар аударылып, 2029 жылға дейін зерттеу университетіне айналу көзделген.
Кездесуде жас ғалымдармен еркін пікір алмасып, қос тарап ғылым, білім және мемлекеттік құрылымдар арасындағы ынтымақтастықты дамытуға уағдаласты. Болашақта Алматы әкімдігінің қолдауымен перспективті ғылыми жобалар мен ұсыныстардың жол картасы әзірлеу жолдары қарастырылмақ.
«Abai University» медиа орталығы