СТУДЕНТТІК РЕКТОРАТ – ЖАСТАР ДАМУЫНЫҢ КЕПІЛІ

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Басқарма төрағасы-Ректоры Болат Тілеп студенттік ректораттың жаңадан сайланған белсенді мүшелерін қабылдады. Кездесудің мақсаты – студенттік ректораттың атқарған жұмыстарының есебін тыңдап, алдағы жоспарларымен танысу.

Абай университетінің басшылығы білім алушылардың талап-тілегін бірінші кезекте қарастырады. Олардың әлеуметтік жағдайы мен тыныс-тіршілігі әрдайым басты назарда.

Белсенді студенттерді қабылдаған университеттің Басқарма төрағасы-Ректор кездесу барысында олармен жеке-жеке танысып, қоғамдық қызметтеріне сәттілік тіледі. Сонымен қатар, білім алушылардың өтініштері мен ұсыныстарын асықпай тыңдап, сауалдарына жан-жақты жауап берді. Оқу ғимараттары арасының алшақтығы, кейбір жағдайда қатынаудың қиындығы назардан тыс қалмады.

– Ғимараттардың алыс орналасуы – университеттің тұңғыш жоғары оқу орны болуымен тікелей байланысты. Негізгі қазығы осы жерде қағылғандықтан, тарихи нысандарды көшіру мүмкін емес. Факультеттер саны артқан жағдайда болашақта кампустық үлгідегі жаңа кешен салу жоспарымызда бар, – деді Болат Анапияұлы.

Таврихы тереңде жатқан Қазақстанның ең алғашқы жоғары оқу орыны болғандықтан байырғы кезде салынған жатақхана мәселесіне де ерекше назар аударды. Оның айтуынша, қазіргі жатақханалардың көпшілігі көне болғандықтан, күрделі жөндеуден гөрі жаңадан салған әлдеқайда тиімді.

– Қазіргі таңда 9 жатақханаға қатысты келісімшарт жасалды. Егер олардың жағдайы студенттерге қолайсыз болса, балама нұсқаларды қарастырамыз. Бірақ ұсыныс пен пікір студенттердің өздерінен тікелей келуі керек. Сіздер – сол үнді жеткізетін өкілсіздер, – деп атап өтті ректор.

Кездесуде оқу сапасы мен оқытушылар құрамының біліктілігі, жақсы маман даярлау үшін сапалы білім мен қолайлы жағдайдың маңызы туралы сөз болды. Студенттік ректорат мүшелері де атқарған жобалары бойынша есеп беріп, алдағы жоспарларын ұсынды. «Жасанды интеллект – болашақ кілті» тақырыбында жарыс ұйымдастыру жөнінде жоспарын ортаға салды.

Өз кезегінде ректор студенттерге «Студенттік көктем» дәстүрлі фестивалін өткізу, сондай-ақ театрлар мен музейлерде ашық есік күндерін ұйымдастыру жөнінде тапсырма берді.

Қабылдау соңында Студенттік ректорат мүшелеріне ресми куәліктер салтанатты түрде табыс етілді. Бұл құжаттар олардың университет ішінде және студенттер арасында өз құқықтарын заңды түрде қорғауларына мүмкіндік береді.

 

«Abai University» медиа орталығы