22.01.2026
ҚАЗАҚСТАН БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІ ӘЛЕМ НАЗАРЫНДА
Дүниежүзінің
жоғары оқу орындары көз тіккен халықаралық көрмеде EdTech нарығының күн тәртібі
қалыптасады. Қазақстан бұл үдерісте сырттай бақылаушы емес, толыққанды қатысушыға
айналды. Ұлттық павильон еліміздегі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі
білім беру жүйесінің дамуын көрсетуге мүмкіндік берді. Оқу үдерісін
цифрландыру, жасанды интеллект шешімдерін енгізу, ғылымды дамыту және
халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған жобаларды әлемдік аренаға паш
етті.
Павильон жұмысына
еліміздің 9 университеті мен білім беру ұйымдары қатысып жатыр. Оқу орындары білім
беру бағдарламаларын, ғылыми жобаларын және шетелдік серіктестермен бірлескен
бастамаларын таныстыруда. Бұл – отандық университеттерде экожүйенің кемелденгенін
және олрадың жаһандық білім кеңістігіне тереңірек ықпалдасуға дайын екенін
көрсетеді.
Әлемдік білім
беру саласын цифрландыруға бағытталған жобалар мен жасанды интеллект құралдарын
енгізуге жаңа әдіс-тәсілдер ұсынылған көрмеге арнайы қатысқан Абай
университетінің цифрландыру жөніндегі проректоры Нуркен Біржанұлы халықаралық цифрлық
технология кәсіпорындары өкілдерімен іскерлік кездесулер өткізіп, тәжірибе
алмасқанын айтады.
–
Халықаралық
көрме бізге шетелде қандай тың технологиялар жүзеге асырылып жатқанын
көрсетуде. Олардың білім беру сапасын арттыруға ықпалы мен жұмыс барысындағы
тиімділігі жоғары. Бұл көрме біз үшін шетелдік университеттер мен
кәсіпорындармен тәжірибе алмасуға мол мүмкіндік берді, – дейді проректор.
Сонымен қатар,
көрмеде жетекші университеттер, ғылыми орталықтар мен технологиялық
компаниялардың өкілдерімен түрлі бағытта кездесулер ұйымдастырылды. Әлем мемлекеттерінің
қазақстандық білім жүйесіне деген қызығушылығы жоғары десек артық емес.
Шетелдік өкілдерді отандық реформалардың ауқымы және жасанды интеллектті білім
беру жүйесіне жүйелі түрде енгізу тәжірибесі қатты қызықтырып отыр.
Көрме аясында
пленарлық сессиялар, тақырыптық пікірталастар, жетекші EdTech әзірлемелерінің
таныстырылымы өтеді. Сондай-ақ мемлекеттік органдар, университеттер мен
технологиялық компаниялар арасындағы іскерлік кездесулер жоспарланған.
«Abai
University» медиа орталығы