ӘНШІ СҰЛУШАШ НҰРМАҒАМБЕТОВАМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ


Бүгін Абай университетінде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, Алматы облысының құрметті азаматы, әнші Сұлушаш Нұрмағамбетовамен  кездесу өтті. Қазақ өнерінің майталманы биыл 75 жас мерейтойын атап өтеді. Осыған орай қарашаңырақ қабырғасында сырлы сазды, әуезді ән шырқап студенттерге өнерден шашу шашты.

 

Қазақ мәдениетінің жарқын өкілі Сұлушаш Құлжабайқызы жарты ғасырдан астам уақыт сахнада ән шырқап, халықтың іңкәр көңіліне, ыстық ықыласына бөленген. Еліміздің бірнеше буын жастары әншінің орындаған әндерін тыңдап өсті. Университеттің шығармашыл, өнер сүйер қауымы айрықша құрметпен қарсы алып, биылғы мерейтойымен құттықтады. Кездесуге әншінің замандастары, достары және өнер жұлдыздары қатысты.

 

– Сұлушаш Нұрмағамбетова – біздің бала кезден тыңдап өскен әншіміз. Бүгінгідей интернет, телефон жоқ кезде теле-радио арқылы әндерін таңдап, жатқа айтып өскенбіз. Бүгінде мерейлі 75 жасымен құттықтай отырып, зор денсаулық, жанұяңызға амандық, шығарамышылық табыс тілеймін, – деді Абай университетінің Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Мақсат Жақау.

 

Кездесу барысында Сұлушаш Нұрмағамбетова «Туған жер», «Аман бол ағаларым», «Өз елім» әндерін шырқады. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Сайлаубай Тойлыбаев мерейтой иесіне арнаған жыр жолдарын оқыды. Эстраданың жарық жұлдыздары Қайрат пен Жұлдыз дуэті, Еңлік Нұрмағамбетова кездесудің көркін кіргізді.

 

– Абай атамыздың есімін иемденген қазақ білім-ғылымының қарашаңырағындағы бүгінгі кездесу маған ерекше ыстық. Өйткені, 75 жас мерейтойдағы алғашқы жастармен кездесу әрі шығармашылық кеш ұйымдастырған басшылыққа алғысымды білдіремін. Еліміздің болашағы білімді, талантты, талапты жастардың қолында! Сондықтан, әрдайым оқуда озат, еңбекте алғыр болыңдар! – деді мерейтой иесі.

 

Студент жастар кездесуде өнер майталманына көкейдегі сауалдарын қойып, өнер жолы турасында емен-жарқын әңгіме өрбітті. Университеттің талантты жастары өнер көрсетіп, батасын алды.

 

«Abai University»  медиа орталығы