21.01.2026
ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ ЖҮКТЕГЕН МІНДЕТТЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ
Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен V Ұлттық құрылтайда елдің әлеуметтік
саясаты, білім беру жүйесін жаңғырту және цифрлық трансформация мәселелері
кеңінен сөз болды. Құрылтай барысында Президент білім беру сапасын арттыру,
адами капиталды дамыту, патриотизм және жасанды
интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану жөнінде келелі әңгімелер қозғады. Осыған байланысты бүгін Абай университетінде
Басқарма төрағасы-Ректор Болат Тілептің жетекшілігімен аппарат жиналыс
өтті.
Басқосуда
Болат Анапияұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда
әлеуметтік саясат пен жоғары білім саласына қатысты ойларын саралап, ондағы міндеттерді
орындау – университет қызметінің басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті.
Әсіресе, жасанды интеллектті білім беру процесіне жүйелі түрде енгізу – уақыт
талабы екеніне ерекше тоқталды.
– Жасанды
интеллект – қазіргі білім беру жүйесінің ажырамас бөлігі. Президент Ұлттық құрылтайда «Біз білім,
ғылым және жоғары технология саласына қомақты инвестиция салатын болдық. Себебі
адам капиталының сапасын арттыру – айрықша маңызды міндет» дегені тосыннан емес. Осы бағытта оқытушылардың кәсіби құзыретін арттырып
қана қоймай, білім сапасын жаңа деңгейге көтеруімиіз қажет, – деді Болат
Анапияұлы.
Мемлекет басшысы құрылтай отырысында «Цифрландыру және жасанды интеллект жылын сән қуып, ұрандату үшін жариялаған жоқпыз. Бұл шешім бүкіл мемлекеттік аппаратқа нақты міндет жүктеп отыр. Бұл – стратегиялық міндет. Сондықтан мемлекет үшін айрықша маңызды осы міндетті орындауға қатысты талап та өте жоғары болмақ» деуі ғылым мен жоғары білім саласына да ерекше міндет жүктейді. «Біз осы талаптарға барлық жағынан лайық болуымыз керек» дейді университет басшылығы.
Аппарат отырысында
университеттің академиялық қызмет жөніндегі проректоры Бану Нарбекова Мемлекет
басшысының тапсырмасына сәйкес, алдағы кезеңде студенттер мен оқытушылардың
OpenAI платформасы аясында цифрлық құзыреттерін арттыру бойынша екінші кезеңнен
өтуі жоспарланып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша,
білім беру бағдарламаларын жаңарту кезінде «Жаңа
мамандықтар Атласы» міндетті түрде ескерілуі тиіс.
Себебі алдағы жылдары еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтардың басым бөлігі жасанды
интеллект, инженерлік және технологиялық бағыттармен тығыз байланысты болады.
– Coursera
платформасы арқылы оқытушыларды жасанды интеллектке оқыту жұмыстары жалғасады.
Бұл университеттің стратегиялық даму көрсеткіштеріне, соның ішінде KPI жүйесіне
тікелей әсер етеді. Сонымен қатар, зерттеу университеті мәртебесіне үміткер
жоғары оқу орындары үшін академиялық адалдық, түлектердің жұмысқа орналасуы
және оқуын толық аяқтау көрсеткіштері негізгі бағалау өлшемдеріне айналды, – деді Бану
Нарбекова.
Жиын барысында
Ұлттық құрылтайда көтерілген бастамаларды іске асыру, білім беру сапасын
арттыру және цифрлық трансформацияны жеделдету мәселелері кеңінен талқыланды. Абай
университеті Мемлекет басшысының стратегиялық бастамаларын жүйелі түрде жүзеге
асырып, отандық білім беру кеңістігінде заманауи, бәсекеге қабілетті педагог мамандар
даярлауға басымдықты одан әрі күшейте түспек.
«Abai University» медиа орталығы