ӘНДІ СҮЙСЕҢ, МЕНШЕ СҮЙ...

Бүгін, 16 қаңтар күнтізбесінде халықаралық "The Beatles" күні. Бұл – әйгілі британдық топтың алғаш өнер көрсете бастаған күніне орай белгіленген. Жиырмасыншы ғасырда атағы жер жарған әйгілі топтың Қазақстанда да тыңдармандары аз болған жоқ. Оған дәлел Алматының Көктөбесінде бой көтерген «The Beatles» тобының ескерткіші. Клуб сахнасында өнер көрсетіп бастаған жастар әлем назарына ілікті. Ал, Абай университеті студенттерінен құралған топтардың сондай дәрежеге жетпесіне кім кепіл...


Абай университетінің Өнер факультеті 1969 жылы құрылып, бастапқыда көркемсурет-графика факультеті аталған. Қазіргі таңда 12 мамандық бойынша мыңға жуық студент өнердің сан-салалы бағыттарында білім алады. Олардың ішінде он саусағынан өнер тамған суретші, мүсінші де, күміс көмей, жезтаңдай әнші де, музыкалық аспаптың әуенімен тәнті қылатын таланттар аз емес. Университет қабырғасында 4 музыкалық ұйым белсенді жұмыс істейді. Мерекелік іс-шаралар мен шығарамашылық кештерде өнер көрсетеді. Әрбірі өзіне тән стиль қалыптастырып та үлгерген. Олар: «A-Blues Band» тобы, «Алаш» оркестрі, «SoundRise» және «AUEZ BAND» тобы.


«A-Blues Band» тобы – 2022 жылы ақпан айында вокалдық-аспаптық ансамбль ретінде құрылған. Студенттердің музыкалық шығармашылығын арттыру, орындаушылық шеберлікті дамыту, университеттің қоғамдық өміріне белсенді қатысуды көздейді. «A-Blues Band» тобында бас-гитара, барабан, электро-гитара, саксофон, үрмелі аспапта ойнайтын және вокалист студенттер бар. Республикалық «Дос-Мұқасан», «Менің Қазақстаным» ән фестивальдеріне қатысып, жүлделі орын иеленген.


Университеттің мәдени өміріне белсене қатысатын шығармашылық ұйымның бірі – «Алаш» студенттік оркестрі. Ұлттық өнерді ұлықтаған оркестр құрамында 7 студент бар. Қазақтың дауылпаз күйшілерінің және халық күйлерін орындайтын оркестр 2025 жылдың «Ең үздік студенттік ұйым» атанды.


«SoundRise» ұйымы – өткен жылы 15 қыркүйекте құрылған. Жастардың шығармашылық қабілетін дамытып, заманауи музыка жанрының жаңа толқынын қалыптастыруды көздейді. Ұйымда домбыра, фортепиано, гитара және скрипка аспаптарында ойнайтын және эстрадалық әншілер бар. Құрылғанына көп уақыт өтпесе де, «The heart of Disney» жеке шығармашылық кешін өткізіп үлгерген. «Shyn» студенттік театрымен бірлесіп «Жазбалар тірілгенде» қойылымын сахналады.


2025 жылдың қаңтар айында құрылған «AUEZ BAND» – талантты студенттердің басын қосқан ұйым. Абайдың 180 жылдығына орай өткен жылы ақпан айында шығармашылық кеш өткізіп, көпшіліктің ықыласына бөленген. Ұйымдағы 18 студент түрлі музыкалық аспапты меңгерген және жезтаңдай әншілер десек артық емес.


Қазақтың ән өнері сарқылмас мұхит, тартылмас теңізбен тең. Хәкім Абай «Әнді сүйсең, менше сүй» деп, артына қара сөз бен қара өлең және мөлдір ән қалдырды. Қазіргі жастар Абай әндерін жатқа біледі деуге болады. Бүгінгі күнтізбенің тарихынан бастау алған, студенттік музыкалық ұйымдар қатары әлі де көбейе бермек. Абай университеті әрбір студенттің шырағын жағып, жұлдызын жарық қылуға қызмет етеді.


«Abai University» медиа орталығы