ШЕТЕЛДІК СТУДЕНТТЕРГЕ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ СЕМИНАР ӨТТІ

Абай университетінің Психологиялық қолдау қызметі шетелдік студенттерге арналған «Шетелдік студенттердің университеттік ортаға бейімделуі: оқу, мәдениет және тұлғалық даму» атты семинар өткізді. Мұндағы мақсат – студенттердің жаңа білім беру ортасына тиімді бейімделуі және әлеуметтік қарым-қатынас орнатуға психологиялық қолдау көрсету.

 

Қазіргі таңда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде 2 мыңға жуық шетелдік студент білім алады. Олардың басым бөлігі Түркіменстан, Қытай, Корея, Иордания және Франциядан келген жастар. Шетелдік студенттердің сапалы білім алуы, ел мәдениетімен танысып, қоғамда қалыпты өмір сүруі маңызды. Сондықтан, қарашаңырақ қабырғасында оқитын шетелдіктерге әрдайым қолдау көрсетіледі. Олар туған жерінен жырақта болса да, әлеуметтік ортада белсенді, ой-пікірін ашық жеткізуі өзекті. Осы мақсатта теориялық және практикалық бөлімнен тұратын психологиялық семинар өткізу қажет екені сөзсіз.


Психологиялық семинардың теориялық бөлімінде психолог Әсел Жусупекова студенттердің академиялық, әлеуметтік, мәдени және психологиялық бейімделу ерекшеліктеріне тоқталды. Кездесетін түрлі  қиындықтар мен жаңа ортаға тез бейімделудің жолдары туралы құнды ақпараттармен бөлісті. Шетелдік білім алушылар жарты жылдық оқу мерзімінде болған қиыншылық мен қызықты оқиғалары туралы айтып берді.


Ал практикалық бөлімде Психологиялық қолдау қызметінің басшысы Саида Қосбай «Елдердің амандасу стилі» жаттығуын өткізді. Сондай-ақ ми жұмысының қабілетін арттыруға «Нейрожаттығу» мен «Іс-қимылды қайталау» ойындарын ойнатты. Семинар соңында студенттерге Психологиялық қолдау қызметінің байланыс деректері беріліп, әрқашан көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.


Аталған іс-шара шетелдік студенттердің психологиялық әл-ауқатын нығайтуға, олардың университет өміріне белсенді араласуына және көпмәдениетті ортада өздерін сенімді сезінуіне ықпал етті. Қазақстанда жүрген шетелдік жастар Отанынан алыста жүрсе де шынайы қамқорлық танытатын ортаның бар екеніне көздеріне жеткізе алды.


«Abai University» медиа орталығы